Таразда жаңа қоғамдық көліктер пайдалануға берілді

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен Тараз қаласында 23 жаңа қоғамдық көлік пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтсақ, қала аумағындағы қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС 20 бірлік «Zhong Tong» маркалы автобустар жеткізген. Ұзындығы 8.5 метрді, жалпы сыйымдылығы кемінде 55 адамды құрайтын бұл көліктер №11, 46, 28, 55 маршрут бағыттарында қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан алынған 3 бірлік үлкен сыйымдылықты «Zhong Tong» маркалы автобустар №19 бағытқа қосымша қызмет көрсетеді деп көзделуде. Аталған бағыттағы көліктер саны 13 бірліктен 16 бірлікке артып, жүру жиілігі 14 минуттан 10 минутқа қысқармақ.

Облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің жетіспеушілігіне қатысты мәселені субсидия арқылы шешу қолға алынуда. Ол үшін бюджеттен 2 миллиард 200 мың теңге көлемінде қаржы қаралды. Біз жыл сайын 70-100 жаңа автобус алу керекпіз. Алдағы үш жылда қоғамдық көліктер паркін жаңалап, жаңа бағыттармен шалғай тұрғын алқаптарды қамтуға тиіспіз. Қоғамдық көліктерді баламалы отын көзіне ауыстыру бойынша да жұмыстар атқарылуда, - деді аймақ басшысы.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, бүгінге дейін Тараз қаласында 200 автобусқа қажеттіліктің бар екендігі анықталған. Осы орайда жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және де тұрғындарды жолаушы көлігімен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген. Соған сәйкес, жыл сайын қалаға 70 жаңа автобус жеткізу жоспарлануда. Осылайша, аталған мәселе бүгінде оң шешімін тауып келеді.

Айта кетейік, автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту жұмыстары бойынша 2019 жылдан бастап жалпы 154 бірлік автобус жеткізілген. Сондай-ақ 2022 жылдың мамыр айында «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС үлкен сыйымдылықты «ZHONG TONG» маркалы 20 бірлік автобус сатып алып, ескірген автобустарды алмастырған болатын. Ал, «Smart City Servise» ЖШС арқылы («City Bus») 10 бірлік отандық «Golden Dragon» маркалы автобустарын, «ТаразТрансМоторс» ЖШС-і 7 бірлік ПАЗ маркалы автобустарды алып келіп, іске қосқан.

Жоғарыда аталған жоспарға сәйкес 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату, аялдамаларға 90 бірлік жарық диодты цифрлық таблолар орнату, кемінде 200 бірлік автобустар сатып алу, жаңа 15 жолаушылар бағыттарын ашу, күнделікті қызмет көрсететін автобустар санын 460-қа дейін арттыру көзделуде. Осы мақсатта «СапарТранс-2012» ЖШС тарапынан кемінде 10 бірлік Yutong маркалы автобустарды қыркүйек айында жеткізу қолға алынса, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан жыл аяғына дейін қосымша 25 бірлік автобус жеткізу жоспарлануда. Бұған қоса «City Bus» ЖШС-мен 60 бірлік автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалған. Аталған автобустар 3 жылдық жоспарға сәйкес жаңадан ашылатын бағыттарға қызмет көрсететін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы