Таразда жалған құжатпен мемлекеттік пәтер алған әйелге қылмыстық іс қозғалды

Тараз қаласында мемлекеттік тұрғын үйді заңсыз иемдену дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қадағалаушы органның мәліметінше, Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөліміне жалған құжат тапсырған әйел өзін мемлекеттік қызметкер ретінде көрсетіп, «Ұлы Дала» ықшамауданынан екі бөлмелі пәтер алған.

Сараптама нәтижесі бойынша, әйел тапсырған анықтаманың жалған екені анықталды. Осыған байланысты, 2025 жылғы 22 шілдеде Тараз қалалық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

Қазір жалған жолмен берілген пәтерді мемлекеттік тұрғын үй қорына қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Кейін бұл баспана тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға заң аясында қайта үлестіріледі.

«Тұрғын үй заңнамасының сақталуын тексеру барысында анықталған бұл дерек – әлеуметтік әділеттілікке қайшы келетін әрекет. Мұндай жағдайлар халықтың сеніміне нұқсан келтіреді», – делінген прокуратура таратқан хабарламада.

Мамандар тұрғын үй алуға ниетті азаматтарды құжат рәсімдеу кезінде заң талаптарын сақтау қажеттігін ескертеді. Жалған мәлімет ұсыну қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескерген жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы