20 Қараша 2026, 20:53 Фото: gov.kz

Таразда заңсыз салынған екі қабатты ғимарат бұзылатын болды

Сот кәсіпкерді заңсыз салынған екі қабатты ғимаратты бұзуға міндеттеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жеке кәсіпкерге (ЖК) қатысты өз бетінше тұрғызылған объектіні бұзу туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады.

Жеке кәсіпкер Тараз қаласының шағын аудандарының бірінде жеңіл павильон орнатуға және келушілерді күту үшін алаң ұйымдастыруға арналған жер учаскесін жалға алған.

Алайда, белгіленген мақсаттың орнына учаскеде екі қабатты күрделі ғимарат салынған. Бұл ретте құрылыс тиісті құжаттамасыз, міндетті сараптамадан, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаудан өтпей жүзеге асырылған.

Тексеру барысында уәкілетті орган бұзушылықтарды анықтап, кәсіпкерге оларды жою туралы нұсқама берген. Нұсқаманың талаптары орындалмады. Бұрын жеке кәсіпкер жол берілген бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.

Сот объектінің құрылысы заңнама талаптарын бұза отырып жүзеге асырылды деген қорытындыға келді. Атап айтқанда, келісілген эскиздік жобаның және сәулет-жоспарлау тапсырмасының болуы кәсіпкерді қажетті жобалық құжаттаманы алу және заңда көзделген рәсімдерден өту міндетінен босатпайды.

Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылды, жауапкер өз есебінен өздігінен тұрғызылған екі қабатты ғимаратты бұзуға міндеттелді. Шешім заңды күшіне енді, - деп хабарлады Жамбыл облысының МАЭС баспасөз қызметі.