Таразда заңсыз балық сатпақ болғандар анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Экология министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шу-Талас облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері заңсыз балық сату фактісінің жолын кесті. 17 ақпан күні жедел рейдтік іс-шара өткізу барысында Тараз қаласы, 2 мөлтек ауданында орналасқан сауда кешендерінің бірінің маңында 303 кг сазан балығын сатпақшы болған азамат анықталды.
Тексеру барысында онда балықтың заңдылығын дәлелдейтін құжаттар болмаған. Заңсыз ауланған балық тәркіленіп, ҚР ӘҚБтК 389-бабына сәйкес тиісті хаттама толтырылды. Іс Тараз қаласының арнайы мамандандырылған әкімшілік сотына әкімшілік шешім қабылдау үшін жолданды. 1988 жылы туылған азамат өзінің заңсыз іс-әрекеттерімен табиғатқа 1 821 839 тенге көлемінде залал келтірді. Рейдтік іс-шаралар жалғасуда.