Таразда Ұлттық ұлан қызметінің тарихынан сыр шертетін музей ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күштік құрылымдардың міндеті – мемлекеттің тұтастығын сақтау десек, қоғам тыныштығы жолында еңбек етіп жүрген барлық салалық мекемелердің берік байланыста жұмыс жүргізуі аса маңызды.
Бұл кешегі Қасіретті Қаңтар оқиғасы кезінде айқын көрініс тапқан ақиқат. «Оңтүстік» өңірлік Қолбасшылығына қарасты Ұлттық ұланның Тараз қаласындағы №5513 Әскери бөлімінің құрылуына 30 жыл толған мерейтойына арналған салтанатты шарада Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының бірінші орынбасары әділет полковнигі Қанат Жарылғапов осыны айтты.
№5513 Әскери бөлімінің сарбаздары басқа да құрылымдық күштермен бірге Қасіретті Қаңтарда қаламыздың әлеуметтік және басқа да бақылаудағы нысандарды басбұзарлардың қиратып-бүлдіруінен сақтап қалу үшін жұмыла әрекет етті. Олар Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің 3 мекемесі мен 1 тергеу изоляторына шабуыл жасалғанда оны табандылықпен қорғап қалды. Осылайша басбұзарлардың қиратып-жойсақ деген іс-әрекеттеріне қайсарлықпен тойтарыс берген болатын.
30 жылдыққа арналған мерекелік іс-шарада аталған департамент өз міндеттерін атқарған 30-дан астам әскери қызметкерді департамент бастығы Нияз Рыспаевтың Алғыс хаттарымен марапаттады.
Марапатталған жауынгерлердің санының отыз шақты болуының өзі символдық мәні бар. Сондай-ақ №5513 Әскери бөліміне департаментке қарасты мекемелердің санына тең сый-сияпат тапсырылды.
30 жылдыққа орай №5513 Әскери бөлімінде Ұлттық ұлан қызметінің тарихынан сыр шертетін музей ашылды. Жалпы 30 жыл – бұл тарих өлшемінде аз уақыт болғанымен, әскери дағдыға жаттыққан сарбаздар үшін үлкен кезең. 30 жылда бұл бөлімнің сарбаздары қаншама жауынгерлік тапсырманы орындады. Қаншама қиындықтарды жеңе білді. Осы кезеңде әскери бөлімде бірнеше буын алмасты. Алдағы уақытта да аталған бөлім қызметкерлері өз міндеттерін адал атқарып, қоғам тыныштығы үшін қызмет ете беретініне сенім мол.