Таразда ұландықтар 8 жасар қызды құтқарып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің сарбаздары Тараз қаласындағы 1 шағынауданға қарасты 7 үйдің маңынан өтіп бара жатып, 5-қабаттағы пәтердің балконынан секіргелі тұрған қыз баланы көреді.

Әскери жасақ дереу рация арқылы кезекші офицерге баяндап, №1 полиция басқармасына хабар береді. Жасақ бастығы Ерден Ауған қасындағы патрульшілер Бекзат Қуаныш пен насыр Нұрмұхамедов қыз баланы әңгімеге тартып, уақытты соза тұрады. Ұландықтар учаскелік полиция қызметкері келген бойда пәтер иесін анықтап, оқиға орнына секіргелі тұрған қыздың анасын шақыртады, - деп хабарлады Ұлттық ұлан баспасөз қызметі.

Үй иесімен бірге пәтерге кіріп, қайғылы жағдайдың алдын алады. Кейін белгілі болғандай, анасы қызды сыртынан құлыптап, азық-түлік алу үшін дүкенге кеткен екен. Ал қызы «мені тастап кетті» деп ойлап, қобалжығаннан терезеден секірмек болған.

Дер кезінде жедел көмек көрсеткен, баласын жамандықтан аман алып қалған Ұлттық ұлан жауынгерлеріне азаматша шексіз алғысын білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы