Таразда түзеу мекемесіне трамадол таблеткасын лақтырған күдікті ұсталды
Таразда түзеу мекемесінің аумағына трамадол таблеткаларын лақтырған күдікті құрықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Заңға қайшы оқиға 13 сәуір күні түс мезгілінде болған. Дәл осы уақытта ахуалдық орталықтың операторынан №8 учаскедегі күзетілген аймаққа күдікті азаматтың белгісіз бір затты лақтырғаны туралы ақпарат келіп түсті. Кезекші топтың жедел әрекет етуінің нәтижесінде түзеу мекемесінің тәртібін бұзған ер азамат көп ұзамай құрықталады.
Айта кетейік, қолға түсіру барысында күдікті тұлға қарсылық көрсетіп, қашып кетуге тырысқан. Ол өзінің көзәйнегін сындырып, мойын тұсына жарақат салуға және әйнек сынықтарын жұтып қоюға оқталады. Алайда бұл ойы жүзеге аспай, күдікті құзырлы орган қызметкерлеріне тапсырылды.
Күдіктінің 29 жастағы Е. есімді азамат екені анықталды. Бұрын сотталған. Оқиға орнынан скотчпен оралған шар тәрізді белгісіз зат табылды. Аталған заттың 74 дана трамадол таблеткасы екені анықталды.