Таразда тифло-музей ашылды

Таразда зағип жандарға арналған тифло-мұражай ашылды. Мұражай көзі көрмейтін, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған. Онда жанарынан айырылған жандар түрлі жәдігерді қолмен ұстап, QR-код арқылы тарихи мағлұматтармен таныса алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Таразда ашылған тифло-музей тарихқа қызыққан жандар үшін таптырмас орын, - дейді Тараз туралы зерттеп жүргендердің бірі Шорахан Құттыбаев.

Мұражайға жауапты мамандар тифло-мұражайдағы жәдігерлер мен мәліметтерді 2 жыл бойы жинақтап, цифрлы форматқа көшірген. Одан соң QR-код жасап, барлық мағлұматты сонда енгізген. Қазір сол ақпараттарды қазақ тілінде тыңдауға болады. Алдағы уақытта мұндағы мәліметтер тағы бірнеше тілге аударылып, жүйеге енгізіледі.

Тараз дегенде Қарахан мен Айша бибі еске түседі ғой. Сол кісілердің макетін қолдан жасап, солардың бәріне QR-код орналастырамыз. Ұстап көріп, содан кейін QR-кодымен толық мәліметін ала береді, - деді Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева.

Әзірге музейдегі екі мың жәдігердің жүзден астамын қолмен ұстап сезінуге болады. Ал үш жүзіне QR-код жабыстырылған. Келешекте мұндағы ақпараттар толықтырылып, тифло-макеттер санын арттыру жоспарда бар. Сонымен қатар идея авторлары аудандар мен қаладағы барлық өлкетану музейіне де ұсыныс жасамақ.

QR-кодқа тартатын тарихи жәдігерлер санын ұлғайтуға тырысамыз. Сол кезде зағип жандар немесе студенттер, басқа да қызығушылар кез келген уақытта келіп, тамашалауына мүмкіндік болады, - деді музей меңгерушісі Ақсәуле Қалабаева.

Таразда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін алғаш басталған жобаға зағип жандардың қызығушылығы мол. Жалпы, Жамбылда алты мыңға жуық көз жанарынан айырылған тұрғын болса, солардың жартысы қаладағы кітапханалардың тұрақты оқырманы болып саналады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы