Таразда "Таза сессия" акциясы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Акцияның мақсаты - ЖОО-дағы сыбайлас жемқорлықтың жай күйін анықтау. Өткір мәселенің шешімі қандай? Білім ордаларына жолданған анонимді сауалнама мәселеге нүкте қоя ала ма?  Оқу орындарындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен белсенді күресіп жүрген "Жамбыл адалдық алаңы" студенттер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оларды анонимді әдіспен сауалнама толтыруға шақырды. Бірінші күні жүргізілген жұмыстың нәтижесі айтарлықтай қуантады. Мәселен, медицина мамандығына оқып жатқан студенттер "парамен алған диплом – адамның өміріне балта шабумен бірдей" деген пікір білдірсе, өзге жоғары оқу ордасының білімгерлері "ақша ұсынбай, ар алдында таза бол!"деп ұран тастады. Сауалнамаға жауап бергендерінің 80% таза әрі адал екендігін айтса, 20% сессия кезінде ақша ұсынатынын жасырмай жазған. 
Емтихандық  сессия – студент өміріндегі ең жауапты кезең.  Біздің міндетіміз сессияларды таза да адал өткізу. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық көріністері қоғамның әлеуметтік-экономикалық саласын ғана емес, рухани дамуына да кері әсерін тигізеді. Бұл, ең алдымен, еліміздің болашағы – жастарға айрықша әсер етеді. Оларды мектеп жасынан бастап, жоғары оқу орнын бітіргенге дейін адалдыққа тәрбиелеу керек.Әсіресе, университет қабырғасында абай болған жөн. Себебі плагиаттық жұмыстарды пайдалану, "шпаргалка" қолдану немесе сессия кезінде түрлі қулықтарға жүгіну студенттердің арасында жиі кездесіп жатады. Ал, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға кері әсерін тигізеді. Сондықтан  жастарды академиялық адалдыққа  баулу басты міндеттердің  бірі болып табылады, - дейді, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев.
Сонымен қатар, "Сенім жәшігі" қойылып, университеттің оқытушылары мен қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысты ақпарат бере алатын арнайы жұмыстар ұйымдастырылады. "Таза сессия" аясында "Жамбыл адалдық алаңы" мен арнайы мониторинг топ мүшелері студенттердің емтихан барысын бақылайтын болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы