Таразда тұңғыш рет созылмалы жүрек дертіне ота жасалды
Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Стастикалық мәліметтерге сүйенсек, жер бетіндегі 6,5 миллион шамасындағы адам созылмалы жүрек жетіспеушілігінен зардап шегеді екен. Ал бір жылда бұл сырқатпен ауырған 960 мың жан тіркеледі. Жамбыл облысында осындай есепте тұрған 500 науқас бар.
Мамандардың айтуынша, мұндай дертке шалдыққандарға көмектесудің бірден-бір жолы – шектеулі жүрек трансплантациясы екен. Десе де көп жағдайда бұған көпшіліктің қолы жете бермейді. Сондықтан оны емдеудің балама әдісі – жасушалық терапия, яғни діңгек жасушаларын қолдану арқылы емдеу тәсілі қолданылады. Әлемде осы тәсіл бес жыл бұрын тәжірибеге енгізілген. Ал біздің елімізде, оның ішінде Жамбыл өңірінде ұзақ уақытқа созылған зерттеулерден кейін ғана қолданысқа енген.
Аталған әдісті алғаш рет Тараз қаласындағы Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы тәжірибеге енгізіп отыр. Нақтырақ айтсақ, жаңа туған сәбиден кесіп алынатын кіндік жасушасын алып, оны созылмалы жүрек ауруы бар азаматтарға салына бастады. Профессор Сейтхан Жошыбаевтың бастамасымен қолданысқа енгізілген емдеу шарасын орталықтың докторанты, дәрігер-кардиохирург Әзиз Азходжаев жүргізуде.
Бұл – аймақта тұңғыш рет жүзеге асырылған тиімді тәсіл. Осы әдісті тәжірибеге енгізу жолы ұзақ зерделенген болатын. Нәтижесінде биыл С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жергілікті этикалық комиссиясының мақұлдауымен клиникалық зерттеулер жүргізілді. Ал наурыз айында Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы созылмалы жүрек жетіспеушілігін емдеудің жаңа әдісін – кіндік қуысының мезенхималық бағаналы жасушаларын енгізуді бастады, - дейді С.Жошыбаев.
Ол биылғы маусым айының басында осы емдеу әдісінің қауіпсіздігі мен тиімділігі жақсы нәтижелер арқылы көрініс тапқанын да айтып өтті.
Айта кетейік, Жамбыл облысындағы бұл бірегей орталық – жүректің түрлі ауруларына көмек көрсететін облыстық маңызы бар медициналық ұйым. Сол себепті былтыр сәуір айында клиника «2019-2022 жылдары созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерді емдеу бойынша жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында куратор болып тағайындалған.
Ал дәрігер Азиз Алтынұлы білікті дәрігер-кардиохирург, докторант, жасушалық және гендік терапия (ISCT) және діңгектік жасушаларды зерттеу жөніндегі халықаралық қоғамның (ISSCR) мүшесі.
Орталықта бүгінге дейін 25 науқасқа жасалған ота өз нәтижесін беруде. Елу жасқа келген жамбылдық азаматқа жасалған хирургиялық араласудың бұл түрі оңай әрі сәтті өтіп, науқастың денсаулығы жақсарып, үйіне қайтарылды, - дейді ол.