Таразда қоқыс өңдейтін зауыт салынады

Таразда жылына 100 мың мерт куб қатты қалдықты өңдейтін зауыт салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кәсіпорын құрылысы биыл басталады. 4 жылдан бері қоқыс өңдеу зауытын салуға қалдықтың аздығы қолбайлау болған еді. Енді АҚШ-тық инвестор 19 миллиард теңгеге жуық инвестиция салмақ. Тараз қаласының қоқыс полигоны шамамен 40 жыл бұрын салынған. Мұнда осы уақыт аралығында 3 миллион мерт куб қоқыс қордаланып қалды. Бұл көлем жыл санап артпаса кемитін түрі жоқ. Себебі облыс орталығынан жылына мұнда 100 мың мерт куб қоқыс алып кеп төгіледі. Ал оны қайта өңдейтін аймақта ауқымды зауыт жоқ. Полигонының қоршауынан асқан қоқыс жағалай жатқан жайылымға шашылған. Сондықтан маңайға жайылған мал шөп орнына, қалдық жеп жүр. 

Қаладан бері келе жатырмыз, трассадан бері қарай бәрі мусор. Мына жерде жайлау бар. Жайлаудың бәрі салафан шашылап жатыр, - дейді қала тұрғыны Нұрислам Омарәлі.

Таразда қалдықты қайта өңдейтін бірнеше кіші цех бар. Бірақ олардың қауқары төбе боп үйілген төгінділерге жетпейтіні анық. Сондықтан соңғы жылдары жергілікті билік инвестор іздеп сабылған-ды. Іздегенге – сұраған. Биыл американдық кәсіпкер 18,8 миилиард теңгенің жобасын ұсынды. Жергілікті билік мақұлдап құрылысқа қажетті 10 гектар жерді жалға берген. Аталмыш өндіріс орны қоқыстан электр энергиясын шығармақ. Алдымен тұрмыстық қалдық темір мен шыныдан тазартылады. Қалғанынан жоғары температурада газ алынады. Одан әрі сол газдан сағатына 13 мВАт элект қуаты өндіріледі.

100 мыңға дейін мерт кубтағы қатты қалдықтарды өңдейтін болады. Соған сәйкесінше тұрмыстық қатты қалдықтарды 7 жыл бойы үздіксіз жеткізіп отыруға біз меморандум жасап отырмыз. Алғашқы жылда ол демеу ретінде, оған қолдау ретінде тегін берілетін болады қоқыстарымыз. Кейінгі жылдары тиісті өзінің тарифы белгіленіп, қоқысты сатып алатын мүмкіндіктерді қарастыруды жоспарлап отырмыз, - дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Бүгінде өндірілетін электр энергиясының тарифы тұрғысында келіссөздер жүргізілуде. Бәрі сәтті болса, зауыт құрылысы биыл басталады. Кәсіпорында 40 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: 24.kz
Өзгелердің жаңалығы