Таразда қараусыз ғимараттан жасырын қару-жарақ орны табылды

19 қаңтарда облыстық Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында Тараз қаласындағы қараусыз тұрған жер телімдерінің біріндегі ғимараттан жасырын қару-жарақ орны табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Табылған орыннан қаңтар оқиғасы кезінде Полиция департаментінен ұрланған 12-ші калибрлі «Masai Mara» тегіс ұңғылы бірауызды аңшы мылтығы, 18х45мм  калибрлі «Стражник МР-461» травматикалық тапаншасы, 4,5мм калибрлі «Gamo PT-80» пневматикалық тапаншасы, 5,45х18мм калибрлі 179 дана  оқ-дәрі алынды. 

Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты  ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігімен (қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз иемдену, жасау, беру, сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 

Барлық қаруларға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.

Жалпы ағымдағы жылдың басынан жамбылдық полиция қызметкерлерімен әртүрлі калибрлі 21 бірлік қару мен 1000-нан астам оқ-дәрілер табылып, тәркіленді.

Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы