Таразда «Полиция Барысы-2019» турнирінің жеңімпазы анықталды
Астана, BAQ.KZ. Тараз қаласының «Динамо» спорт кешенінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері арасында қазақ күресінен «Полиция Барысы-2019» турнирі өтті.
Жарысты Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев Наурыз мейрамымен құттықтап, қатысушыларға табыс тіледі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков өңірде ұлттық спорт түрлерінің үдемелі дамуын, ал «Полиция Барысы» турнирі - аталмыш трендтің айқын дәлелі екенін атап өтті.
Шақырылған қонақтар арасында КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР қазақ күресінен бұрынғы мемлекеттік бас жаттықтырушы Марат Жахит болды. Ардагердің ұлттық спорт түрін дамытуға сіңірген еңбегі ескеріліп, иығына ұлттық нақыштағы шапан жабылды.
Аталмыш турнир екінші рет өткізіліп, оған 60-тан астам адам қатысты. Арнайы және саптық бөліністерден, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінен барлығы 17 команда қатысты.
Спортшылар 66, 74, 82, 100 келіге дейін, сондай-ақ 100 келіден астам абсолюттік салмақта үздіктерді анықтады.
Әдемі және тартысты өткен белдесулердің нәтижесінде жалпы командалық бірінші орынды Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері иеленді, екінші орынды - Оқу-жаттығу взводының командасы (ОЖВ), ал Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының (МКҚБ) палуандары үздік үштікті жеңіп алды.
Сонымен қатар, Шу, Жамбыл аудандық полиция бөлімдерінің және Тараз қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері жақсы командалық нәтижелер көрсетті.
Абсолюттік салмақ дәрежесінде осы турнирдің екі дүркін жеңімпазы, «Полиция Барысы» құрмет белдігіне ие болған ЖҚАЖ аға инспекторы Бегімхан Әділбековке тең келер ешкім болмады.
Барлық бес салмақ дәрежесінің жеңімпаздары мамырдың соңғы күндері Петропавл қаласында өтетін Қазақ күресінен ҚР ІІМ чемпионатына қатысатын болады.