Таразда әйелді ит талап өлтірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Құтырған итті тіпті иесі де тоқтата алмаған, деп хабарлады КTK арнасы.
Таразда тапа-тал түсте жантүршігерлік оқиға болды. Әйелдің жан ұшыра айқайлаған дауысынан шошыған көршілердің бәрі көмекке жүгіріп келген. Үйдің қоршауынан асып қарағанда олар үлкен иттің 54 жастағы әйел талап жатқанын көрген.
«Ит әйелді мына жерден бастап тістей бастады, содан кейін оны көшеге қарай сүйретті. Ит оны қатты талап тастады. Мен сол уақытта үйдің қоршауында отырып, итке қарай ломды лақтырып жібердім», - деді көршілердің бірі.
Алайда, көршілердің бұл әрекетінен ештеңе шықпаған. Құтырған ит әйелді қайта тарпа бас салып, талауын тоқтатпаған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметі шала жансар әйелге көмек көрсету үшін жарты сағаттай күтіп тұрған. Кейіннен итті полицейлер атып тастаған. Әйелді ауыр халде ауруханаға жеткізді. Үсті-басынан сау тамтығы жоқ әйелді бірден хирургтарға тапсырды. Алайда, дәрігерлер әйелді құтқара алмады. Екі литрдей қан жоғалтқан әйелдің жүрегі тоқтап қалған.
Кейіннен белгілі болғандай, қаза болған әйел туыстарының үйіне қонаққа келген. Иттің иесі жануарды тоқтатпақшы болғанымен, питбуль одан бетер әйелді талай бастаған. Құтырған питбуль бар-жоғы 3 жаста болған. Ол бұған дейін де адамдарға шабуыл жасағаны белгілі болды.
«Өте қорқынышты, есек секілді өте үлкен ит. Бәріне арпылдап жүгіретін. Иттің иесі қақпаны жауып қоятын. Алайда, ашық тұрған кезде адамдар өте алмайтын. Полиция да, бәрі де біледі. Былтыр бір адамды талап тастап, ауруханаға түскен болатын», - деді отбасының көршісі Азиза Наурызбаева.
Полицейлер тергеу амалдарын бастап кетті. Дегенмен, қай бап бойынша қылмыстық іс қозғалатыны анықталуда. Адамөлтіргіш иттің иелері жазалануы да белгісіз.