Тараз қаласында оңалту орталығы ашылды

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Жамбыл облысында мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ашылды. Тараз қаласында орналасқан үш қабатты нысанды қайта жаңғыртуға 170 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалған.


Әлеуметтік және зайырлы қоғамның басты міндеті – ерекше жағдайдағы азаматтар мен балаларға қолдау көрсету. Мүмкіндігі шектеулі жандардың ем алуына қолайлы жағдай туғызу мақсатында бүгін мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының жаңа ғимаратын пайдалануға беріп отырмыз. Мұнда ерекше жағдайдағы балаларды қоғамға әлеуметтік бейімдеу және оңалту жұмыстары жүргізіледі, - деді орталықтың ашылу салтанатында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Оның сөзінше, орталықта 68 жеткіншекке арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі екен. Жаңа нысанның пайдалануға берілуіне байланысты емделушілер саны 40-тан 68-ге ұлғайған. Медициналық-әлеуметтік мекеме ем-шаралық, спорттық-музыкалық және өзге де қызмет көрсететін бөлмелермен жабдықтаған. Демек, бұл нысан азаматтар мен балалардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға, спортпен шұғылданып, өнерін шыңдауға мүмкіндік беретін демалыс орталығына айналғалы тұр.


Бүгінде Жамбыл облысында 45 781 мүгедек жан тұратын болса, оның 6 540-ы балалар екен. Ерекше жағдайды қажет ететін ол жеткіншектерге көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту, қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту мақсатында өңірде бірқатар тың жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, соңғы төрт жылдың ішінде Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында мүгедек балаларды оңалту орталықтары, шағын үйлер мен жартылай стационарлар ашылып, қызметтер көрсетілуде, - деді Бердібек Машбекұлы.

Ал келесі жылы Талас ауданының орталығы Қаратау қаласынан 25 орындық мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын ашу жоспарланған көрінеді.


Салаға жауапты мамандардың айтуынша, биыл облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 805,8 млн теңге аржы бөлініпті. Қазіргі таңда әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 7 600 азаматты қажетті бұйымдармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар 30,6 млн теңгеге 340 есту аппараты мен 102 есту қабілеті нашар (саңырау) жандарға арналған ұялы телефон алынған. 61 млн теңге 200 трость пен 55 сөйлеу синтезі бар экрандық қол жеткізу бағдарламасымен қамтамасыз етілген ноутбукке, 137 дыбысты хабарлама мен диктофонды ұялы телефондарға, 138 көру қабілеті нашар (зағип) жандарға арналған сағатқа, 25 Брайль құралына, 42 Брайль жазуына арналған грифельге, 190 Брайль жазуына арналған қағазға жұмсалыпты. 33,7 млн теңгеге 260 ересектерге арналған бөлмелік, 69 балаларға арналған бөлмелік, 61 балаларға арналған серуендік, 30 балаларға арналған көпсалалы, 15 ересектерге арналған көпсалалы кресло-арба жеткізіліп, таратылған.


Салтанатты шарада белгілі болғандай, 2101 мүгедекке санаторлы-курорттық жолдама берілсе, мың шақты мүмкіндігі шектеулі жан емдеу-сауықтыру қызметтерімен қамтылған. Биыл Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен 1557,4 млн теңге қаралып, 10 мыңға тарта азаматты әлеуметтік көмекпен қамту жоспарланыпты. Алғашқы жартыжылдықта мұның 879,7 млн теңгесі игеріліп, 9409 жанға әлеуметтік қызметтер ұсынылыпты.


4 медициналық-әлеуметтік мекемедегі толық мемлекет қамқорлығындағы 1126 адам 8 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Ал жартылай стационарлық жағдайдағы мүгедектерді және мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында 230 адамға осындай қызметтер көрсетілуде. Үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік жоба арқылы ұсынылатын үйде және жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін 345,9 млн теңге бөлініп, 1700 мүгедек назарға алынды. Сондай-ақ облыс көлемінде 2 323 психоневрологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараттары бұзылған жандарға инватакси қызмет көрсетеді, - дейді сала мамандары.

Жалпы, соңғы жеті жылда аймақта 1030 инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жоспарланып, толық аяқталған. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығында 27 әйел арнайы көмек алуда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жоспары да ырғағымен орындалып жатыр. Мәселен, 2020 жылы 555 адамды еңбекке тарту көзделгенімен, қыркүйекке дейін республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 790 мүгедек жұмысқа тартылған.


Рас, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін толықтай шешіп тастаған жоқпыз. Десе де салада қыруар шаруа атқарылуда. Бұл орталықтың пайдалануға берілуі сол жұмыстардың бір көрінісі, - деген Бердібек Сапарбаев мекеме ұжымымен, олардың қамқорлығындағы азаматтармен еркін пікірлесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады.



   

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы