Таразда қоқыс өртейтін зауыт салынады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Таразда қоқыс өртеп 3 МВт электр қуатын өндіретін зауыт салынады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтылды.
Үкімет Таразды қоқыс өртейтін зауыттардың құрылысы басталатын 6 қаланың тізіміне енгізді. Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының мамандары жергілікті қатты қалдықтар мен олардың морфологиялық құрамын өлшеп, геологиялық зерттеулер жүргізді.
Жоба бойынша зауыт 50 мың тонна қоқысты өртеп, бір уақытта 3 МВт электр қуатын өндіреді. Инвестиция көлемі шамамен 5 миллиард теңгені құрайды. Жергілікті билік полигонның жанынан бес гектар жер бөліп, инфрақұрылым тарту қажет.
Облыс төңірегіндегі стихиялық қоқыстар мен аузына дейін толып, шашылып жатқан контейнерлерге тұрғындардан көп шағым түскен. Бұл өзекті мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте жан-жақты сараланды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, аймақта 163 қатты қалдықтар полигоны бар десек, онда үш миллион тоннаға жуық қатты қалдықтар жинақталған. Алайда олардың 65-і әлі қоршаусыз жатыр. Ағымдағы жылдың алты айында тағы 21,6 мың тонна қалдық жиналса, оның 11,9 пайызы сұрыпталған. Бүгінгі таңда бұл процеске айрықша назар аударылады. Өйткені бұл экологиялық тазалық және қалдықтарды барынша тиімді пайдалану мен жоюдың негізгі тетігі.
Бұл тұрғыда біріншіден адамдарды қалдықтарды бөлек жинауға үйрету және оған жағдай жасау жайы маңыздырақ. Дегенмен шешімін күткен мәселе аз емес. Айталық қарапайым ғана қоқыс жәшігі жеткіліксіз. Слайдтарда көрсетілген көріністер көңілге көп күдік ұялатады. Олардың төңірегі қоқысқа толып қалған. Тиісті ұйымдар күніне екі рет контейнерлерді тазалап, босатып отыруы керек. Бір Тараз қаласының өзінде осы іспен айналысатын 8 кәсіпорын бар, олар 150 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Ал облыс бойынша мұндай 23 кәсіпорын бар.
Жалпы облыс бойынша 3,5 мыңнан астам контейнер жетіспейді. Тараз қаласының әкімдігі 700 контейнер алуға өтініш берсе, қазірге дейін оның 200-і келіп үлгерілген. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, арнайы техникалар жетіспеушілігі туындаған. Алайда бұл мәселе біртіндеп кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Жақында ғана тағы төрт қондырғы сатып алынған. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өз автопаркін жаңарту қызмет көрсетуші компаниялардың басты міндеті болуы тиіс екенін атап өтті. Осы орайда олардың тараздықтардан мінсіз қызметі үшін тұрақты түрде ақша жинап отыратындығы айтылды.
Тағы бір мәселе – контейнерлердің орналасу нормасының дұрыс анықталмауы. Соның салдарынан, жеке сектор тұрғындары қалдықтарды көппәтерлі үйлердің тұрғындарына арналған контейнерлерге үнемі шығарып отыратыны жасырын емес. Бұдан бөлек,өз контейнері мен қызмет көрсетуші компаниямен келісімшарттың ШОБ субъектілері, бірінші кезекте қызмет көрсету салалары болуы тиіс. Құрылыс қалдықтарына арналған арнайы полигонның болмауы салдарынан толып кеткен контейнерлер мен қоқыс үйіліп жатқан алаңдар көптеп кездеседі. Елді мекендердің жанында стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуының негізгі себебінің бірі де сол болып табылады. Сондай-ақ, жауапсыз жергілікті тұрғындар да олардың ұлғаюына ықпал етті. Ғарыштық мониторинг осындай 168 қоқыс үйіндісінің бар екенін анықтап берсе, олардың 97-і жойылды.
Алдағы әрекеттердің тиімділігі бойынша сұрақ көп. Мысалы стихиялық полигондар табан астында пайда болады. Бұл тиісті бақылау мен түсіндіру жұмыстарының жоқтығын көрсетеді
Менің орынбасарымның басшылығымен жұмыс тобын құруды, жағдайды талдап, қоқыс мәселесін шешудің тиімді стратегиясын таңдауды тапсырамын. Бұл ұлттың, балаларымыздың денсаулығына қатысты өткір мәселе екенін естен шығармауымыз керек. Қалдықтарды сұрыптап, тиісті цехтар мен шағын зауыттар құруға басты назар аудару керек. Заманауи қоқысты өңдейтін зауыт салуға қабілетті инвесторлармен жұмыс та жандандыруды қажет етеді. Қызмет көрсету ұйымдармен жасалған келісімшарттарға контейнер алаңдарын тазалау туралы ережені міндетті түрде енгізу қажет. Қоқыстарды көрінген жерге бей-берекет тастап, жабайы үйіндіге айналдырғаны үшін де жазаны қатайтып, түсіндіру жұмыстарын барынша жүргізу керек. Тұрғындар арасында тек өз үйін ғана емес, туып-өскен қаласын да таза ұстауға үндеп, қоғамдастық мәдениетін қалыптастыруымыз керек, – деді аймақ басшысы.