Таразда көмірге деген қажеттілік азайып келеді – әкімдік өкілі
Тараз қаласында жалпы жылу өндіретін және жеткізетін 5 кәсіпорын бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаевтың айтуынша, жылу қуатын өндіретін қазандықтардың саны – 56, оларда 171 негізгі қазан орналасқан. Оның 90-ы резервтік қазандар санатына жатады.
Жамбыл облысының орталығында 253 шақырымнан асатын жылу жүйесі бар. Мұндағы жылу өндіретін және тарататын кәсіпорындардың биылғы қысқы маусымға дайындығының аяқталуына байланысты аймақтағы білім беру мекемелеріне – мектептер мен балабақшаларға және денсаулық сақтау ұйымдарына, яғни ауруханалар мен емханаларға кешеден – 5-қазаннан бастап жылу беріле бастады. Оның үстіне, өздеріңізге мәлім, өңірде 4 қазаннан бастап ауарайының өзгеруі байқалады, түнгі уақытта температура төмендеп жатыр. Алайда, жалпы тұрғын үйлерге жылу беруді 10-қазаннан бастайтын боламыз, - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Нұрбол Қалдыбаевтың дерегінше, «Таразтрансэнерго» МКК қамтитын 12 медицина мекемесінің барлығы, 72 білім ошағының 63-і жылуға қосылған. Сол сияқты, «София» ЖШС өздеріне тиесілі 2 мектепті, «Жамбыл-Жылу» МКК 17 денсаулық сақтау нысанының 11-ін, 38 мектеп пен балабақшаның 21-ін жылумен қамтыды. Тек Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і 2 білім беру ұйымының екеуіне де жылу беріп бастаған жоқ. Бұл сандардан қаладағы 29 медициналық мекеменің 23-і, 114 білім беру нысанының 86-сы ғана жылумен қамтылғанын аңғаруға болады.
Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-іне қарасты білім беру нысандарына жекелей жылу берудің мүмкін еместігіне байланысты, оларға 10-қазаннан бастап жалпы тұрғын үйлермен бірге берілетін болады, - деп түсіндірді Тараз әкімдігінің өкілі.
Нұрбол Қалдыбаев «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен осы жылға 367 536 мың текше метр газ жеткізу жөнінде келісім-шарт жасалғанын алға тартты. Ал келесі жылға келісім-шартқа отыру алдағы желтоқсан айының соңғы 10 күндігіне жоспарланған. Өйткені, резервте 10 000 тоннаның шамасында мазут болуы керек.
Қаладағы көмір қоймаларына келсек, жалпы Таразда қатты отын сатумен айналысатын 7 кәсіпкерлік жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында «Курбанов», «Иманалиев», «Әлімбеков», «ADIS» жеке кәсіпкерліктері, «Самандор», «Отын М», «Казугольснаб» ЖШС-лары бар. Биыл қаланың аумағында орналасқан жекелеген баспаналардың жылу маусымы кезінде пайдалануы мүмкін көмірдің көлемі болжам бойынша 18 470 тоннаны құрады. Өйткені, жекелеген тұрғын алаптарға көгілдір отын құбырын тарту жұмыстарының атқарылуына байланысты тараздықтардың көмір сатып алу қарқыны бәсеңдеді. Облыс орталығындағы көмір саудасымен айналысатын тұйықтарға қатты отын қоры туралы зерделеу жүргізіліп, қазіргі таңда шамамен 5000 тоннадай көмір қоры дайын тұрғаны анықталды. Қазіргі орташа баға 13 100-23 000 теңге аралығында болып тұр, - деді Нұрбол Қалдыбаев.
Ол қыс мезгілінде қаланы қардан тазалау жұмыстарының қалай болатынын да атап өтті. Өңірдегі «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС осы жылғы қысқы маусымда қаладағы автокөлік пен жаяу жүргіншілердің жолында төтенше оқиғалар тудырмас үшін тазалық шараларын мойнына алады. Бұл орайда, облыс орталығындағы 76 көшенің жиналып қалған қарын күреу және тұз аралас құм себу шаралары атқарылуы тиіс. Қысқы маусымның тазалық шараларына 47 техника сақадай сай тұр.
Егер қажет бола қалған жағдайда, ауыр техникаларды, яғни автогрейдерлер мен жүк көліктерін жалға алу үшін өзге мекемелермен келісім-шартқа отыру қарастырылған. Нақтылай айтқанда, «Арсико Тараз Инвест», «Айя Сервис», «ТаразКөлікЖолы» ЖШС-лары және басқа да мекемелердің әлеуетін пайдалану назарда тұр. Жалпы, қыс мезгіліне керек 3 мың текше метр құм алу үшін «Тұрас» жеке кәсіпкерлігімен, 700 тонна тұз сатып алу үшін «Шах-Джахан» ЖШС-мен келісім-шартқа отырдық. Қазіргі таңда, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-ның қоймасына құм мен тұзды жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді қала әкімінің орынбасары.
Жауапты маманның сөзіне қарағанда, қарды тазалайтын бригадалар тәулік бойы ауысымдық кестемен еңбек етеді. Тазалық ұжымында диспетчер қызметкері тағы бар. Мекеме қолға алынған барлық шаруаның барысын бақылауында ұстайтын болады. Жұмысшыларға арналған демалыс бөлмесі әзірленген, үш уақыт ыстық тамақпен қамту да жолға қойылған. Сондай-ақ осындай жұмыстарды бақылайтын мекеме қызметкерлері де күнделікті кезекшілік кестесімен еңбек етеді.