Таразда қолөнер шеберлері мен фотографтардың көрмесі өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қолөнер шеберлерінің бұйымдарын сатуға арналған іс-шараға және «Жамбыл облысы – фотографтардың қиял шеруінің мекені» атты көрмеге қатысты.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараны облыстық туризм басқармасы «Тараз – Туризм» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған.
Облыс әкімі алдымен жартылай киіз үйлерге қойылған бірнеше сауда нүктесін аралады.
Айта кетейік, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені аумағындағы жаңадан 5 жартылай киіз үй пішінді сауда нүктесі орнатылған. Онда кез келген қолөнерші өз бұйымдарын ақысыз түрде бекітілген кестеге сәйкес сата алады.
Бүгінде Жамбыл облысында ұлттық қолөнерiмiздiң беделiн арттырып жүрген 80-ге жуық қолөнер шебері бар.
Аймақ басшысы тараздық қолөнер шебері Құралай Әуелбекованың үй тұрмысына қажетті бұйымдарымен танысты. Құралай тіккен көрпе - жастықтар сапасына қарай 30-100 мың теңге аралығында саудалануда. Байзақтық Аққалам Жұмабаеваның да қолөнер жұмыстары көркемдігімен шараның ажарын аша түскендей. 5 адамды жұмыспен қамтып отырған «Аялы алақан жылуы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсел Даулыбаеваның қайсарлығы да сүйсіндіреді. Облыс әкімі мұндай шеберлерге көмектің барлық түрі көрсетілуі керектігін айтты.
Біздің қолымызбен жасалған отандық өнім Түркияның бұйымынан артық болмаса, кем емес, - дейді Әсел.«Аспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжі студенттерінің қолөнер бұйымдары қойылған сауда нүктесінде де көзтартарлық дүниелер аз емес.
Мен бұл колледж туралы жақсы білемін. «Аспара» колледжінің бұйымдары Тараздың брендіне айналуы тиіс қой. Бірақ орамал, беторамалдарыңызға «Қазақстан. Таразда жасалған» деп жазыңыздар, - деп ұсыныс білдірді өңір басшысы.Осы орайда аталған бизнес колледжінің құрылтайшысы, танымал сән дизайнері Айдархан Қалиев киіз және керамикалық заттардан жасалған бұйымдармен таныстыра келе, Италияда өтетін халықаралық көрмеге «Аспараның» қатысатынын, Таразда да көрме өткізу жоспарларында бар екенін жеткізді.
Аталған колледж директорының орынбасары Жанар Шінетованың айтуынша, биыл осы колледжге 80 студент грантқа, 40 студент ақылы негізде түскен. Аймақ басшысы мұндай сапалы білім ордасына барлық қолдаулар жасалатынын айтты.
Бердібек Сапарбаев тараздық шебер Мағжан Қасымбековтың кәдесыйлары, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған «Ажур» шығармашылық студиясының бұйымдарына да айрықша назар аударды. Студия жетекшісі Дилафруз Махмадулаева 4 мүмкіндігі шектеулі ұстаз елуге жуық жеткіншекті тоқыма және сурет өнеріне баулып жүргенін айтты.
Бұдан соң облыс әкімі «Арбат-2» жаяу жүргіншілер аллеясындағы «Жамбыл облысы – фотографтардың қиял шеруінің мекені» атты көрменің жұмысымен танысты. Мұнда алдымен өңір басшысын облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай өзі ерекше ізденіспен түсірген фотоларымен таныстырды. Оның ішінде таудың үстінен, биіктен кранмен түсірілген фотолар бар. «Ен дала еркесі», «Көккөл», «Меркі балбал тасы», «Хан ізі қалған Хантау», «Түрленген Тараз», «Жаңқаға жан бітірген» деген фотолардың атаулары да ерекшелігімен тартады.
«Жартастағы бейне» табиғаттың өзі салған адам бейнесі. Ақыртасты да әдемі алған екенсің. Бәрі жақсы, ерекше түсірілген суреттер, - деп Алтынбек Қартабайға ризашылығын білдірді.
Юрий Кимнің «Төрткүл», «Жайлау», «Айша бибі» фотоларына да өңір басшысы ыстық ықылас танытса, «Ақ жол» газетінің фототілшісі Ақәділ Рысмаханның «Құралай сұлу», «Жеті қазына», «Шаһар шырайы» фотоларына да жақсы бағасын берді. Петр Норкиннің «Кешкі Шу», тараздық Ербол Әлімқұлов пен жуалылық Сәбит Күзенбаевтың фотолары да жақсы баға алды. Тараз қалалық білім бөліміне қарасты техникалық шығармашылық орталықта ашылған фотостудия шәкірттерінің суреттері де осы көрмеден орын алды. Мәселен, жас үйренушілер Диана Рахымбекқызы, Әйгерім Болысбек, Нұртілек Талғатұлы, Думан Нұғманұлының түсірген фотолары бағалауға тұрарлық. Олар да ұшқан құсты, жаңа ашылған гүлді әдемі түсіре білген.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы тұста қолөнер бұйымдарын сатуға арналған бес киіз үй тұрақты тұратынын, көпшілік мұнда қолөнер саудасы қызып жататынын білуі тиіс дей келе, фотоөнерін дамытуға күш салып жүрген барша фотографқа алғысын айтып, үйренуші жас шәкірттердің қадамына сәттілік тіледі.