Таразда көлікпен “түйгіштесу” ұйымдастырғандар жауапқа тартылды
Таразда қауіпті автошеру ұйымдастырғандарды полицейлер жауапқа тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Тараз қаласында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, көшелерде автошеру жасағандарды анықтады.
Интернетте жарияланған бейнежазбаларда Toyota, Mercedes, Lada, Nissan және BMW маркалы көліктердің жүргізушілері жолда қауіпті әрекеттер жасаған.
Орын алған бұзушылықтарға апатты жағдай туғызу, жолаушыларды қауіпсіздік ережелерін сақтамай тасымалдау, маневр жасар алдында сигнал бермеу, сондай-ақ жол жамылғысын бүлдіру деректері кірді. Жедел әрекеттің арқасында жүргізушілердің жеке тұлғалары қысқа мерзімде анықталып, барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген Жамбыл облысының ПД баспасөз хабарламасында.
Полиция департаменті мұндай әрекеттер заңды ғана бұзбай, жол қозғалысына қатысушылар мен жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді.