Таразда әкімдік жер кезегі келгендерге тегін жер таба алмай жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Таразда "Нұрлы жер" бағдарламасы аясындағы жеке тұрғын үй салу бағытындағы жұмыстар тоқтап қалды, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
Жергілікті әкімдік мемлекеттік бағдарламаға деп бөлінген жер қорын пайдалана алмай отыр. Жоба басталғалы дәл осы бағыт бойынша санаулы адам баспаналы болған. Қазір бұл жұмыстар мүлдем ілгерілемей тұр. Тіпті биылдыққа бір де бір үй тұрғызылмапты. Баспана мен жер кезегінде тұрған азаматтар саны күн санап артып барады. Жер кезегіне 10-15 жыл бұрын тұрып, кезегі жеткен тұрғындар заңды жерлерін ала алмай сенделіп жүр.
Қазір Таразда 2011 жылы емес, 2006 жылы кезекке тіркелгендер жер ала алмай жүр. Бүгінде 17 мың адамның кезегі келіп тұр. Бірақ берілетін жер жоқ. Заңға сәйкес инфрақұрылым тартылмай, жер берілмейді. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу үшін азаматтардың барлығы бірдей жоба шарттары мен талаптарына сәйкес келмейді.
1935 азаматқа хабарлама жібергенбіз. Оның ішінде тек ғана 488-і ғана қатысам деп өтініш берді. Оның ішінде тек 38 азаматтың өтінішісі ғана Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі арқылы мақұлданды. Көбісі кезінде ЖСН, ештеңе көрсетпеген бізге. Көбісін таппай жатырмыз. Ол кісі алмайтын болса, жазбаша түрде бізге ескертуі керек, - дейді қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұржан Бекежанов.«Нұрлы жер» бағдарламасының жекеменшік құрылыс бағыты бойынша Тараз қаласының аумағынан 29 гектар жер бөлінген. Бірақ бұл жердің басым бөлігі бүгінде бос тұр. Жоба басталғалы бар-жоғы 47 үйдің құрылысы жүргізіліп, 20-сы ғана берілген. Ал жер мен үйге деген сұраныс артып барады.
Бұл жерде 255 үйге бөлінген жер қорын игере алмай отырмыз. Себебі бір шаршы метрге бөлінген 120 мың теңге жетпей жатыр. Егер сол бір шаршы метрге бөлінген қаржының көлемін ұлғайтса, бұл бағдарлама әрі қарай жүріп кетер еді деп есептейміз, - дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Төлеген Бибосынов.
Қалалық құрылыс бөлімі басшысының айтуынша, кезінде үйді салуға келіскен компаниялар жарты жолға келгенде құрылысты тоқтатып тастаған. Оны нарық бағасының өсуімен байланыстырып отыр. Енді тараздықтар жер кезегін 15 жыл күтіп, баспанаға қол жеткіздім дегенде қымбатшылыққа ұрынатын түрі бар. Әкімдік өкілдері мәселені бағаны көтеру арқылы шешпек. Олар жаңадан салынатын үйдің шаршы метрін 160 мың теңгеге көбейтуді ұсынып отыр. Айтуларынша, сонда ғана мердігерлер құрылысты жалғастыруға көнетін көрінеді.
Таразда жеке тұрғын үй салуға берілетін жер мәселесін бір жүйеге келтіру қажет. Бұл үлкен проблемаға айналып барады. Қалалық жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек облыс орталығында жер 2003 жылы ғана жаппай берілген. Ол уақытта 1300 адам жер телімін алған көрінеді. Одан бері тек 2017 жылы ғана жер 400 адамға үлестірілген. Ал биыл Тараз қаласы бойынша бір де бір адамға жер телімі берілмеген. Қазір кезекте тұрған адам саны 70 мыңнан асып барады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Кавасаки – коронавирустан кейін пайда болатын синдром
Өзгелердің жаңалығы