Таразда көпбалалы отбасыларға баспана кілті табысталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз қаласында Конституция күні қарсаңында 9 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп мәлімдейді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бой көтерген тұрғын үйлердің берілу салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов өзі қатысып, пәтер иелеріне кілттерді табыстады. Шаһардың 15-ші шағын ауданынан жаңа пәтерге ие болғандардың дені көпбалалы отбасылар мен толық емес отбасылар.

«Баспана-қай уақытта да өзекті мәселе. Қала халқының саны өсуімен тұрғын үйге деген сұраныс көлемі де ұлғаюда. Тәуелсіздік жылдары елімізде Елбасының басшылығымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Қаламызда жаңадан салынып жатқан 15-ші шағын аудан орналасқан жер бұрын ашық дала болатын, ал қазір жаңа тұрғын үйлер бой көтерген шағын ауданға айналды. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша жарияланған басты мақсаттардың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 17,6 млрд теңгеге барлығы 30 көпқабатты (2 118 пәтерлі) тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 28 көпқабатты (1988 пәтерлі) тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда»,- деді өңір басшысы.

Бүгінде барлығы 720 пәтер пайдалануға берілсе, оның 200-ге жуығы бағдарлама арқылы банктің тиісті шешімін алған. Қалған үйлер де алдағы уақытта «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы берілетін болады.

Айта кетейік, өңірдегі көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ағымдағы жылдың   бірінші жарты жылдығында 120 көпбалалы отбасыларына пәтер кілті табысталды. Оның 93-і арендалық үй, 27-і демеушілер есебінен. Тағы да жыл соңына дейін 493 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сондай-ақ, тұрғын үй кезегі келгенге дейін көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана құрылысына тиісті қаражат қарастырылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы