Таразда халықаралық қолөнершілер көрмесі өтуде
«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты ІІІ халықаралық қолөнершілер көрмесі өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оған халықаралық қолөнершілер қауымдастықтарының, туризм саласы бойынша мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысуда.
Ауқымды шараның салтанатты ашылуында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек аталмыш көрменің өңірдің туристік әлеуеті үшін маңыздылығын атап өтті.
Ежелден Ұлы Жібек жолы бойындағы қолөнер және сауда орталықтарының бірі ретінде әлемге танымал болған тарихы терең Тараз қаласы 2022 жылдың 1 қазанында Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізілді. Бұл іс шараны біздің өңірдің мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиға деп санауға болады. Қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізімі 2014 жылдан бері қалыптасып келеді және бүгінгі таңда бұл тізімге әлемнің 25 мемлекетінің 65 қаласы енген. Ал біздің қасиетті Таразымыз осы тізімге 56-шы болып енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесін иеленді. Бұл ауқымды оқиға өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін беріп, облыс көлемінде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді,- деді Әбілхайыр Тамабек.
Одан әрі көрмеге келген меймандар арнайы баспасөз конференциясына қатысып тарихи Тараз туралы лебіздерімен бөлісті.
Киелі Тараз жерінде, ұрпақтан ұрпаққа ұлттық өнерді насихаттап, әлемдік қолөнершілердің халықралық қауымдастығының мүшесі атанған шаһарда өз елімнің атынан өнер көрсету мен үшін үлкен құрмет. Шараға қатысушы барлық шеберлерді, әріптестерімді бүгінгі қолөнер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, - деді Қырғызстан Республикасы қолөнершілер қауымдастығының президенті Нұрзат Жээнбекқызы.
Сондай-ақ жиынға Санта-Фе халықаралық қолөнер көрмесінің басқарма кеңесінің кеңесшісі, АҚШ өкілі Lopez Carol Robertson, Тәжікстан өкілі Ахмадчон Одилович, «Хунарманд» қауымдастығының жетекшісі Сухроб Шодиев, Кувейт қолөнер қауымдастығының төрағасы Хусейн Али Албаззаз, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Президенті Саад Хани Аль-Каддуми қатысып, жамбылдықтарға қонақжайлылығы үшін алғыс білдірді.
Көрме барысында шеберлер өткен дәуірлердің қолөнершілері жасаған тарихи бұйымдармен, сондай-ақ заманауи өнер бұйымдарымен танысты. Жергілікті шеберлерді қолдауға ерекше назар аударылды. Олар үшін шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, онда қолөнер саласында ұзақ жыл тер төгіп келе жатқан әріптестерімен тәжірибе алмасып, өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік берілді.
Халықаралық қолөнершілер көрмесі Таразда мәдени туризмді ілгерілетуде шешуші рөл атқарады. Бұл шара Халықаралық қоғамның назарын аудара отырып, қаланың қолөнер және мәдениет орталығы ретіндегі мәртебесін арттырады. Көрме жойылып бара жатқан қолөнер бұйымдарын сақтауға, шеберлерді қолдауға және қолөнер өндірісін дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етуде.
Үш күнге жалғасатын көрменің бағдарламасы қолөнер бұйымдарын көрсету ғана емес, сонымен қатар бай мәдени және білім беру бағдарламаларын да қамтитынын атап өткен жөн.
Келушілер кәдесыйлар жәрмеңкесін, сән көрсетілімдерін, қолөнер бойынша шеберлік сыныптарын тамашалауда. Сондай-ақ жас қолөнершілер «Тараз мотивтері» атты қолөнершілер байқауына қатысуда.