Таразда халықаралық деңгейде салбурын өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы Тараз қаласының маңында қазақы тазы иттердің арасында халықаралық деңгейде салбурын өтеді.
Бұл жарысты ұйымдастыруымыздың басты мақсаты – қазақы тазының дамуына, насихатталуына үлес қоссақ дейміз. Оның сыртында қазір ел арасында қазақы тазы азайып кетті деген әңгіме жиі айтылады. Сол үшін арнайы сарапшыларды шақырып, тазылардың ДНҚ-сынан сараптама алдыруды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде иттің қанын анықтап, сертификат бергізсек пе деп отырмыз – дейді тазы жарысын ұйымдастырып отырған меценат Ербұлан Иманәлиев.
Оның айтуына қарағанда тазы жарысына еліміздің әр облысынан 10 тазыдан және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, тіпті Мажарстан мен Ауғанстан, Тәжікстаннан қатысуға ниет білдіріп отырғандар бар екен.
Бұл жарысқа осы жолы қазақтың тек шашақ құлақ тазыларын қатыстырмақшымыз. Алдағы жылдары дәстүрлі түрде өткізіп отырсақ па деген ниетіміз бар. Сол кезде жарғақ құлақ тазыларды да қосуымыз мүмкін – дейді ол.
Алдағы қаңтар айының 14-16 аралығында өтетін тазы жарысының жүлде қоры 10 млн теңге. Бас жүлдеге автокөлік тігілген. Сырттандар қоян қуып, шибөріні шыр айналдырып, азулы арландармен азу айқастырмақшы.