Таразда Халық қаһарманы Мейіржан Аймановқа арналып ескерткіш қойылды

Таразда ҚР Халық қаһарманы Мейіржан Аймановқа арналған ескерткіш-бюсттің ашылуы өтті. Бұл туралы Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, батырдың ата-анасы, жақындары, төтенше жағдайлар департаментінің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

-Біз бүгін бейбіт күннің батыры атанған, Халық қаһарманы Мейіржан Аймановқа арналған ескерткіш-бюсттің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Өз мамандығына адалдық танытып, қызметтік міндеттерін өтеу кезінде қаза болған ерлердің есімі ел есінде мәңгі сақталады. Кез келген сәтте елге көмек көрсетуге дайын тұратын, өзгенің амандығы үшін өз өмірін тәуекелге тігетін құтқарушылар мен өрт сөндірушілерді – бейбіт заманның батырлары десек қателеспейміз. Бүгінгі күннің батырларын келер ұрпаққа үлгі ету, олардың ерліктерін насихаттау – біздің басты міндетіміз. Асыл азаматтардың ерлігі ешқашан ескерусіз қалмайды. Батырлардың ескерткішіне қарап, жас ұрпақ бой түзеп, оларды үлгі тұтары анық, - деді аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, марқұмның анасы Айткүл Айманова, халық қалаулысы Бекболат Орынбеков өздерінің жүрекжарды сөздерін айтып, батыр туралы естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында Халық қаһарманының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жиналғандар бір минут үнсіздікпен еске алды.

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Байзақ ауданы Қайнар ауылының аумағында орналасқан әскери бөліміндегі инженерлік оқ-дәрілер қоймасында орын алған жарылыстың салдарынан 18 адам қаза тапқан болатын.

Марқұмдардың отбасыларына тиісті көмек-қолдаулар көрсетіліп, жарылыс аумағындағы зардап шеккен үйлер қалыпқа келтірілді.

Жарылыстан қаза тапқан өрт сөндірушілерге арнап өткен жылы ескерткіш ашылған болатын.

Енді Халық қаһарманы Мейіржан Аймановқа арналған ескерткіш-бюсті орнатылып отыр.

Мейіржан Аймановтың есімін ұлықтау мақсатында облыс орталығындағы 15 шағын ауданында мурал салынып, Тараз қаласындағы білім беру мекемесіне және көшеге есімін беру жоспарлануда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жамбыл облыстық әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы