Таразда газ тарату желілерін жаңарту аяқталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз қаласының газ тарату желілерін жаңғырту жұмыстарының І кезеңі толығымен аяқталды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінен хабарлады.
Тараз қаласының газ тарату жүйесін жаңғырту жобасы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ мақұлдаған инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Жобаға сай "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Жамбыл өндірістік филиалы жұмыстарды екі кезеңге бөліп атқарды. Жобаның бірінші кезеңінде 712 шақырым газ құбыры тартылды, 14 660 жеке шкаф орнатылды, 23 233 абонент газға қайта қосылды.
2017 жылы басталған жобаның 2-кезеңінде газ тарату кешенінің барлық нысандары іске қосылды, 82 шақырым газ құбыры тартылды, 2532 жеке шкаф орнатылды, соның арқасында 3518 абонент жаңа жүйеден газ ала бастады.
Жобаны жүзеге асыру барысында қаланың жеке секторында 899 км ескірген газ құбыры ауыстырылды. Бұл тұтынушылар арасындағы газдың жеткіліксіз қысымы мәселесін шешуге, газбен жабдықтау жүйесінің өткізу қабілеттілігін бір жарым есе арттыруға мүмкіндік берді.
Естеріңізге сала кетейік, Тараз ескірген газ тарату желілері толықтай жаңартылып жатқан Шымкенттен кейінгі екінші ірі қала. Жүргізілген жұмыстар газ құбырларының өткізу қабілеттілігін ұлғайтып қана қоймай, оңтүстік аймақтағы екі ірі қаланың бүкіл газбен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Бүгінде Жамбыл облысындағы газ құбырларының жалпы ұзындығы шамамен 5 мың шақырым, оның ішінде Тараз қаласында 1510 шақырым. Сонымен қатар, облыстың Талас, Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай аудандары газдандырылған.