Таразда ескі мектептер заманауи үлгіде қайта жаңғыруда

Былтыр Таразға Байзақ, Жамбыл аудандарынан 37 мекеме қосылса, жаңа құрылыс есебінен 5 мектептің құрылысы аяқталып, 5 180 оқушы орны ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінде қалада 294 білім мекемесі жұмыс істейді. Оның 141-і мемлекеттік, 153-і жекеменшік мекемелер мен ұйымдар. Өткен оқу жылы барысында қала шекарасының өзгеруіне байланысты Байзақ, Жамбыл аудандарынан 37 мекеме қосылса, жаңа құрылыс есебінен 5 мектептің құрылысы аяқталып, 5 180 оқушы орны ашылды. Оның ішінде 3 білім ордасы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынған. 45 мыңнан астам тұрғыны бар "Ұлы дала" шағын ауданында 2000 және 1200 орындық, "Бәйтерек" шағын ауданында 1200 орындық жайлы мектептер бой көтерді. Сонымен қатар «Казарма» алқабында 180, «Арай» алқабында 600 орынды оқу ошақтары есігін айқара ашты. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде шаһардағы оқу ошақтарының саны 42 бірлікке артты. Жаңа мектептердің ашылуының арқасында «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан №3 мектеп-лицейдегі үш ауысым мәселесі өз шешімін тауып отыр. Сондай-ақ алдағы қазан айының басында "Шөлдала" алқабындағы 600 балаға арналған тағы бір жайлы мектеп алғашқы шәкірттерін қабылдайды. Осының есебінен №55 орта мектептегі орын тапшылығы жойылады.

Қалада жаңа мектептер салумен қатар, білім ордаларын күрделі жөндеуден өткізуге де айрықша мән берілуде. №7,15,27 орта мектептерде жапсарлас жаңа ғимарат құрылысының жүргізілуі нәтижесінде оқушылардың сапалы білім алуына толыққанды жағдай жасалады. Бұған қоса №1, 13, 25, 45 және 54 оқу ордаларында күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Қазіргі таңда №1, 45 және 25 оқу ошақтарындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Заманауи үлгіде жабдықталған білім ордалары Білім күнінде оқушыларға есігін айқара ашпақ. Өзге де оқу ордаларындағы құрылыс қарқынды жүруде. Жобаға сәйкес жөндеу жұмыстары аясында мектептердің инженерлік жүйелерді жаңғырту, (жылу жүйесі, су құбыры ішінара, кәріс жүйесі, сантехника), сәулет-құрылыс бөлігі Б,В,Д блоктарындағы сыртқы қабырғаларды жақтауға дейін бөлшектеп қайта құру, қабырғаларды жылылау және қасбетін ауыстыру қарастырылған, – деп жазды қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Білім ордаларындағы құрылыс жұмыстары Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің тікелей назарында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov/kz
Өзгелердің жаңалығы