Таразда «Домбыра» стеласы орнатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс орталығының көрікті жерлерінің қатарында тағы бір орын пайда болды. Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жатақханасының скверінде биіктігі 7,5 метрлік «Домбыра» стеласы орнатылды.


Жамбыл сәулет бюросының эскизі бойынша жасалған ескерткіш - ұлттық аспаптың дәл көшірмесі. Сквердегі көгалдар арасындағы домбыраның еңселі ескерткіші ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың дәстүрі мен рухын асқар көкке қарай айшықтап тұрғандай.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа ескерткіш туралы айта келе, қазақтар үшін домбыраның маңыздылығын айрықша атап өтті. Домбыра халық өмірінде ерекше орын алады. Ол көшпелі қазақтың қолынан түспеген, қуаныш пен қайғысында көңіл сырын шерткен, жан-сырын оның күмбірлі күйімен жеткізсе, әуезін әнге үйлестіру арқылы тебіренген қасиетті аспап. Домбыра күйлері – ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енген.

Студенттік жатақхананың алдына домбыраға ескерткіш орнату – тамаша идея. Аспап әрдайым халықтың ұлы рухани мұрасын еске салатын құрал ретінде көз алдымызда тұрады. Мен жастар осы мұраға лайықты болуға тырысады және университет бұл бағытта тәрбие жұмысын жалғастырады деп үміттенемін, - деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кету керек, ескерткіш демеушілік қаражатқа орнатылған.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы