20 Қараша 2026, 12:56 Фото: Жамбыл облысының ПД

Таразда бір ай бұрын ашылған мемориалды қиратып кетті: 72 жауынгердің зираты бүлінді

Ескерткіш 15 қазанда ғана қайта ашылған. Полиция вандалдарды іздестіріп жатыр.

Тараздағы ескі зираттардың бірінде белгісіз адамдар тарихи мемориалға зақым келтірді. Қарасу шағын ауданында орналасқан ескерткіштің ашылғанына бір ай да толмаған. Қазір полиция оқиғаға қатысы бар адамдарды іздестіріп жатыр.

Оқиға туралы ақпарат 18 қарашада әлеуметтік желіде тарады. Онда қалалық зираттағы мемориалдың тас-талқаны шыққаны көрсетілген. Бұл жерде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жамбыл қаласындағы эвакуациялық госпитальдарда жарақаттан көз жұмған аты-жөні белгісіз 72 жауынгер жерленген.

Бір қызығы, тарихи орын жуырда ғана жаңартылған еді. Мемориал күрделі жөндеуден өткізіліп, 2026 жылғы 15 қазанда салтанатты түрде қайта ашылған.

Мемориалды қалпына келтіруге уәде берілді

Жамбыл облысының әкімдігі ескерткіштің бүлінгенін растады. Әкімдік мәліметінше, биыл мемориал аумағын абаттандыру және ескерткішті жаңғырту жұмыстары қала әкімдігі мен Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығының бірлесуімен жүргізілген.

Оқиғаға байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырған. Жергілікті билік тарихи нысанды қайта қалпына келтіруге уәде берді.

Ескерткіш жақын арада қалпына келтіріледі. Тергеу аяқталған соң кінәлілерге қатысты қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады, – деп мәлімдеді әкімдік.

Дегенмен мемориалды жөндеу жұмыстарының нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз.

Қылмыстық іс қозғалды

Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Қазір мемориалды қиратқан адамдарды анықтау және ұстау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Полиция мәліметінше, іс ескерткішті қорлау дерегі бойынша тергелуде.

Аталған дерек бойынша ескерткішті қорлау дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта құқық бұзушыларды анықтап, ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Құқық бұзушылар заң талаптарына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз, - деді Жамбыл облысының полиция департаменті.

Айта кетейік, биыл қыркүйекте Астанада да вандализм оқиғасы тіркелген. Екі жас жігіт Журналистер аллеясындағы мүсіндік композицияны бүлдіріп, жеті қоқыс жәшігін сындырған.

Полиция олардың жеке басын анықтап, екеуін де ұстады. Күдіктілердің бірі 18 жаста болса, екіншісі кәмелетке толмаған болып шыққан. Бұл оқиға бойынша да қылмыстық іс қозғалды.