Таразда «Анаға тағзым» республикалық аналар форумы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шара «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрметті қонақтар–еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, спорт, бизнес, білім мен ғылымның дамуына үлес қосып жүрген әйелдер, танымал нәзік жандылар, көп балалы аналар қатысты.
Аймақ басшысы жуырда ғана Тараз қаласында бой көтерген «Анаға тағзым» орталығы қазақ халқының салт-дәстүрін ескере отыра әйелдің отбасындағы рөлін күшейтуге, болашақ аналарды тәрбиелеуге бағытталатынын жеткізді.
Қазақта «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген қанатты сөз бар. Ана баласына берген тәрбиесі арқылы болашақтың қалыптасуына да ықпал етеді.
Сіздер еліміздің дамуы мен өркендеуіне, қоғамдық-саяси және рухани әлеуетін іске асыруға белсенді атсалысып келесіздер. Қазіргі кезде біздің облысымызда 36 629 аса көпбалалы ана бар болса, оның 19 212-і «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері. Атамекен кәсіпкерлік палатасы жанынан құрылған «Іскер әйелдер» кеңесіне 25-тен астам кәсіпкер әйелдер мүшелік етуде. Облыстық депутаттық корпусының –33 - пайызын әйел-азаматшалар құрайды. Қазақтың осындай мықты арулары барда елдің ертеңіне деген сеніміміз арта түсетіні сөзсіз,- деді Бердібек Сапарбаев.
Шараның маңыздылығын тілге тиек еткен қатысушылар ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі екендігін баса айтты.
Әйелдің басты миссиясы – дүниеге ұрпақ әкелу. Ұяда бала не көрсе, үлкен өмірге қанат қағып ұшқанда соны істейді. Бала тәрбиесінде ананың рөлін айтып жеткізу мүмкін емес,-деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық аналар кеңесінің төрайымы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі Нәзипа Шанаи.
Қоғам қайраткері, мелекетттік тілдің жанашыры Асылы Әлиқызы Осман ұрпақ тәрбиесі тақырыбында сөз қозғады.
Бүгінгі өтіп жатқан форумның ерекше мәні бар. Дәл осы қоғамда қазақтың бойына біткен асыл қасиеттері бізден алшақтап бара жатыр. Сол алшақтықтың орнын толтыруға аналар үлкен үлес қосады. Тәлім-тәрбие ананың ақ сүтімен, бесік жырымен баланың бойына дариды. Ұлы тұлғаларда ақ жаулықты аналардың тәлімін алады. Менің пайымымша, бүгінгі қоғамда ең алдымен тәрбиеге басымдық беру қажет. Ол – ұлттық тәрбие болуы тиіс. Яғни, білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болғаны жөн. Қазақтың білімі де, білігі де асып тұр, - деді ол.
Бұдан соң, ақын, Мемлекеттік сыйлық иегері Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Әйелдер күштері және Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, Түркия елінен арнайы келген Бурса аймағындағы ауыл әйелдері қауымдастығының төрайымы Сермин Чакалыоглу, белгілі этнодизайнер, «Алтын орда» дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінің ректоры Гүлмира Қанай, белсендісі, көпбалалы ана Алтын Каникар және тағы басқалар сөз алып, ой-ұсыныстарын білдірді.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев айтылған барлық ұсыныстар назарға алынатынын айтты.
«Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали форумның қорытынды Үндеуін оқыды. Форум жұмысы төрт секция бойынша жалғасып, соңы «Сіңліге сыр» атты поэзия кешіне ұласты.