Таразда Абайдың 175 жылдығына арналған концерт өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз қаласында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған "Желсіз түнде жарық ай" атты концерт-композициясы өтті.

Тұлға мерейтойының өңірде ресми түрде бастау алуына арналған салтанатты шараны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көпшілікпен бірге тамашалады.

Шара аясында "Баласағұн" орталық концерт залының фойесінде Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеден ақынның рухани мұралары орын алды. Сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" атты туындысы ұсынылды.


Шара қонақтарын Абай Құнанбаевтың бейнесіндегі ҚР еңбек сіңірген әртісі, облыстық қазақ драма театрының актері Асқарбек Сейілхан қарсы алды.

Ал негізгі әдеби сазды іс-шара 17 қойылымнан тұрды десек, сахна шымылдығы танымал дирижер Адай Жұмат дирижерлік еткен Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Абайдың "Торжорға" күйімен ашылды. "Мерей" тобы және "Шолпы" би ансамблі "Желсіз түнде жарық ай" әнін жүрекке жеткізсе, "Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы" туындысын облыстық театр әртістері нақышына келтіре оқытып, жан тебірентті. Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің музыканттары және би топтары театрландырылған қойылым қойды.

Опера әншісі Әсел Уашева "Абай" операсынан Ажар ариясын орындады. Абай рөлін актерлер Абзал Дәулетбақов, Бексұлтан Алекешов және Руслан Оразалиев сомдады.

Абай поэзиясының барлық қуаттылығын паш еткен игі шара жиналғандарға ерекше әсер сыйлап, жүрек қылың шертті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы