Таразда 35 жаңа автобус пайдалануға берілді
Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп, халық саны артып келеді. Бұл өз кезегінде қоғамдық көліктерге деген сұранысты арттырып отыр. Тұрғындар тарапынан да жиі көтерілетін мәселенің бірі – осы. Күні кеше «Автобус паркі-2020» ЖШС 20 бірлік, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС 15 бірлік «ZHONG TONG» маркалы автобустарды ел игілігіне пайдалануға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тұрғындар тарапынан автобус тапшылығы мәселесі жиі көтерілуде. Бүгінде аталған мәселені субсидия арқылы шешу қолға алынуда. Бұл өз кезегінде серіктестіктердің автобустарын толығымен жаңалуына мүмкіндік береді. Сондықтан алдағы жылдары қоғамдық көліктер паркін жаңалап, жаңа бағыттармен шалғай тұрғын алқаптарды қамтуға тиіспіз. Тұрғындар қоғамдық көліктен тапшылық көрмеуі тиіс, – деген облыс басшысы Ербол Қарашөкеев бұл бағыттағы ілкімді істер алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Бұл жаңадан әкелінген 20 бірлік «ZHONG TONG» маркалы автобустардың 5-еуі №60 маршрутқа (Шөлдала – «Ауыл береке» базары), 10 бірлігін №38 бағытқа (Шалғай Қарасу – Орталық базар), қалған 5 бірлігі №55 маршрутқа (№15 ықшам аудан – Шалғай Қарасу) қою көзделуде. Ал «ӘулиеатаТарансПасс» ЖШС-нің 15 дана автобусының 8 бірлігі №17 маршрутқа қойылса, №23 маршрутқа қосымша 2 кесте қосылып, қалған 5 бірлік автобус №30 және №19 маршруттарда қызмет көрсетіп жүрген тозығы жеткен «JAC» маркалы автобустарды алмастыратын болады.
Жаңадан әкелінген автобустардың жалпы ұзындығы 9 метр, сыйымдылығы 70-90 адамды құрайды. Бүгінгі күні Тараз қаласында жолаушылар бағытында 9 тасымалдаушы мекеме 37 бағыт бойынша күнделікті 350 бірлік автобуспен қызмет көрсетуде. Алайда, тозығы жеткен автобус саны айтарлықтай жоғары. Мәселен, шаһарда 3 жылға дейінгі 122, 3 жылдан 5 жылға дейінгі 129 және 5 және 7 жылдан жоғары 99 бірлік автобус қызмет көрсетуде.
Осы ретте ерекше атап өтерлігі, қазіргі таңда жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және де тұрғындарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату қажет болса, бүгінге 42 аялдама пайдалануға берілді. Сондай-ақ кемінде 200 бірлік автобустар сатып алу қажеттігі туындап отыр. Бұған қоса жаңа 15 жолаушылар бағыттарын ашу да міндеті тұр, - деп жазылған әкімдіктің ресми парақшасында.