Таразда 1 желтоқсаннан бастап «Сергек» жүйесі іске қосылады

Жамбыл облысының орталығында биыл 1-ші желтоқсаннан бастап, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамассыз ететін «Сергек» жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Сергек» - жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуші кешен. Қоғамдық орындарда, қаланың қылмысқа бейім аймақтарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің аулаларында бейне-бақылау камералары орнатылатын болады.

Тараз қаласында жоба бойынша 1250 жалпы бақылау камерасын орнату қарастырылған. 48 аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) қаланың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді (сызықты учаскелерде 35 АБК және қиылыстарда 13 АБК).

Жылдамдықты асыру, бағдаршамның тиым салған белгісіне өтіп кету, жолдағы қозғалысты реттейтін жолақтарды бұзу жүйеге тіркеледі. Жол ережесін бұзуды тіркеу автоматты режимде жүзеге асады. Бұдан кейін полиция қызметкері тексеру жүргізіп, өзінің ЭЦҚ арқылы ұйғарымға қол қояды.

Жол тәртібін бұзғандардан түскен айыппұлдар қала бюджетін толтырады. Ұйғарымдарды erap-public.kgp.kz, egov.kz сайттарынан ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, жүктеп алуға болады. Сонымен қоса, Kaspi банкінің мобильді қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімшесінен де табу мүмкіндігі бар.

Барлық ереже бұзу жағдайлары ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы тіркеу Комитетінің  әкімшілік істер бойынша бірыңғай реестріне бірден тіркеледі.

Көлік иесі шешіммен келіспеген жағдайда, Тараз қаласы бойынша полиция басқармасына баруға немесе ұйғарымда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы