Тараз тұрғындарына 90 пәтердің кілті табысталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Наурыз мерекесі қарсаңында Тараз қаласының 15-шағын ауданында 45 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа қоныс той иелеріне пәтер кілттерін табыстады.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлауынша, көпқабатты үйлердің бас мердігері – өңірде белгілі «Бином» құрылыс компаниясы. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған әр үйдің құны 446 млн теңгені құрайды, ғимараттардың жалпы ауданы алты мың шаршы метрден асады.
Кез келген адам үшін өз баспанасының болуы бәрінен маңызды. Сондықтан мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Осы орайда түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, ипотекалық несиелеу шарттары жеңілдетілуде. Біз пәтер кезегінде тұрғандардың санын азайту мақсатында тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтудамыз. Мәселен бір ғана Тараз қаласында 30 мыңнан астам адам кезекте тұр. Баршаңызға зор денсаулық тілеймін, жаңа пәтерлеріңізден әрдайым балалардың күлкісі үзілмесін, - деді аймақ басшысы қоныс той иелеріне.
Бұл күні 90 адамға жаңа пәтер кілттері табысталды десек, олардың қатарында балалар үйінің түлектері, мүгедектігі бар адамдар, толық емес отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және мемлекеттік қызметкерлер бар.
Бердібек Сапарбаевтың қолынан алғашқы болып кілт алған жас отбасы Асылхан Орман мен Айдана Шымырбаева өздерінің тебіреністі әсерлерімен бөлісті. Олар қазіргі таңда бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Бұған дейін біз жалдамалы пәтерлерде өмір сүріп келдік. Енді отбасымыз үшін өмірдің жаңа кезеңі басталды, біздің өз үйіміз бар! - деді Айдана Шымырбаева қуанышын жасыра алмай.
Жалғызбасты ана, 11 және 9 жастағы екі баласын әлпештеп отырған Индира Әбішева да бұл күнді ұзақ күткенін айтады. Ал Перизат Сәдермекова жыл сайын өз баспанасы бар жас отбасылардың саны арта беретініне сенеді. Бұл жалпы елдегі демографиялық жағдайға оң әсер ететіні сөзсіз.