7 Маусым 2025 2025, 12:45 Фото: Видеодан кадр

Тараз – Шымкент бағытында тұрған жүк көлігі жол жиегінен шығарылды

Төрт күнге созылған авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр

2025 жылғы 7 маусым сағат 12:20 жағдайына сәйкес, Тараз – Шымкент бағытындағы автожолда көлік қозғалысы бір жолақпен кезектесіп жүзеге асырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Төрт күнге созылған авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде ірі габаритті жүк көлігі жол жиегінен шығарылды. Қазіргі таңда тралды (жүк тасымалдаушы платформаны) эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде.

Бұл шаралар аяқталған соң, жол жабынының техникалық жай-күйі тексеріліп, көлік қозғалысын толық қалпына келтіру жұмыстары басталады.

Жолда келе жатқан жүргізушілерге уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес береміз, - делінген ҚазАвтоЖол ақпаратында.