Көне Тараз қаласының орнынан жәдігерлер табылды
Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында Қараханидтер дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлер табылды. Бірегей заттар «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының маңынан қазылып алынды.
Оны құрылысшылар газ құбырын тарту кезінде кездейсоқ тауып алған. Қазба жұмыстары барысында қыш құмыралардың, ыдыстардың жүздеген бөлшектері, сүйектен жасалған бұйымдар мен қола заттар анықталды. Кейбір құмыраға арабша жазулар жазылған.
Бұл оқиғадан соң, құрылыс жұмыстары бірден тоқтатылып, арнайы мамандарға хабар берілген. Барлық табылған заттар Жамбыл облыстық өлкетану музейіне жеткізіліп, ғылыми қызметкерлер зерттеп, зерделеу үстінде.
«Табылған тарихи дүниелер орта ғасырлардағы көне Тараз жайында жаңа деректерді ашуға мүмкіндік береді», - деді археолог ғалымдар.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің ғылыми қызметкері Жамал Ақпанның айтуынша, жәдігерлердің бүтіндей бүлнбей табылуы ерекше оқиға болып саналады.
«Көне заттар ХІ-ХІІ ғасырлардың еншісіне жатады. Олар Тараз шаһарының көркейген, өркендеген кезеңіндегі жәдігерлер болып есептеледі. Табылған жәдігерлердің жасалу әдісі мен олардың бетіндегі түстеріне, содан кейін сырланған өрнектеріне назар аударсақ, сол замандағы қолөнер шеберлерінің өте сауатты, епті болғанын аңғарамыз», - деді Жамал Ақпан.