Тараз қаласында тергеудегілер таңдау жасады

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін еліміз үшін тарихи күн. Әрбір қазақстандық конституциялық құқығы арқылы кезектен тыс президент сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасауда. Бұл күні таңсәріден еліміздегі барлық тергеу изоляторларындағы сайлау учаскелерінде де жұмыс қызу жүріп жатыр.

Бұл туралы жабық учаскелердегі сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Сандыбаев айтты.

«Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/1 мекемесіндегі қамақта отырған азаматтар да аталған саяси науқанға қатысты. Бұл мекемеде 112 жабық сайлау учаскесі орналасқан», - деді Тимур Сандыбаев. 


 

Сайлауға барлығы 181 азамат қатысып, кандидаттарға дауыс берді.

Жауапты маманның айтуынша, сотқа дейінгі абақтыда ұрлық, есірткі саудасы, адам өлтіру секілді ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша тергеліп жатқан тұлғалар отыр. Олар таңғы сағат 7:00-ден бастап полиция қызметкерлерінің қадағалауымен топ-топпен келіп дауыс беруде.


 

«Бұл уақытта мекемеде қауіпсіздік шаралары күшейтіле түсті. Таңдау жасау барысында дауыс берушілердің әрекетін халықаралық бақылаушылар Штефан Циглер мен Мария Элена Амадори жіті қадағалады», - деді жабық учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы.

Айта кетейік, мұнда да алғашқы дауыс берушіге арнайы сыйлық жасалып, құрмет көрсетілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы