Тараз қаласында көші-қон орталығы таныстырылды
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Тараз қаласында көші-қон орталығы ашылды. Қазіргі кезде еліміздің 13 облысында қызмет көрсететін мұндай нысанда еңбек мигранттары республика аумағында жұмыс істеу рұқсатын рәсімдеп, оның уақытын оп-оңай ұзарта алады.
Орталықтың салтанатты ашылу рәсімінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Қыстаубай Сағынтаев пен Жамбыл облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Үдергенов сөз сөйлеп, қызмет көрсету барысымен таныстырды.
«Бұл жаңа мекемеде 14 қызметкер шетел азаматтарына барынша жоғары деңгейде қызмет көрсетеді. Мұнда қызмет алушылардың ыңғайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Айталық, өзге елден келген мигранттар мемлекеттік құжаттарды рәсімдеуден бөлек, медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өте алады. Сонымен қатар, сақтандыру полисінің құжаттарын реттеп, жеке сәйкестендіру нөмірін де ала алады», - деді Қыстаубай Сағынтаев.
Жамбыл облыстық Полиция департаменті басшысының айтуынша, алдағы уақытта аталған орталықта Қазақстан аумағына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар да тіркеуден өте алатын болады. Сондай-ақ, шет мемлекетте тұрақты тұруға баратындардың да құжаттарын рәсімдеуге мүмкіндік туады.
Айта кетейік, өзге елдерден келген еңбек мигранттары осы уақытқа дейін қажетті рұқсат құжаттарын алу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырып, кем дегенде 2-3 күн уақытын жұмсайтын. Бұдан былай көші-қон орталығының қызметіне жүгіну арқылы құжаттарды екі сағаттың ішінде рәсімдеуге болады.
Тараз қаласындағы Маяковский көшесі, 42 А мекенжайындағы ғимаратта орналасқан көші-қон орталығы аптасына алты күн, сағат 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.