Тараз қаласында 31 кәсіпкерлік нысаны зардап шекті
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биылғы 5 қаңтар күні Тараз қаласында жаппай тәртіпсіздік басталған сәттен Жамбыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы барлық бұқаралық ақпарат құралдары беттеріне, телеарналарға белсенді түрде хабарлама таратып, бизнеспен, Қазақстан халқымен бірге екендерін көрсетті. Жедел байланыс орталықтарын іске қосып, жұмыс істеді.
Бұл туралы палата директоры Еркін Атымтаев айтты. Ол бизнес өкілдерінің шығындарын есептеу бойынша өңірлік комиссия құрылғанын да мәлімдеді. Комиссия төрағасы болып Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев тағайындалған екен. Ал мүшелікке облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы, кәсіпкерлер палатасының директоры, мәслихат депутаттары және мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері мен қоғамдық бірлестіктердің бірінші жетекшілері кірген.
Аталған комиссия төрағасының айтуынша, Үкіметке қазіргі таңда және аз уақыттың ішінде кәсіпкерлерге нақты қанша залал келгендігі жайында құжаттарды рәсімдеп, жолдау керек. Бұл үшін аймақтағы бағалау компанияларының мамандары келтірілген залалдың шамасын есептеп беруі тиіс. Бекітілген механизмге сай, шығынды қайтару жайындағы өтінішті өңірлік комиссия мүшелері 5 күннің ішінде зерделеп үлгереді. Құжаттар келісілсе, ондағы деректер мен есептеулер бойынша аталған комиссия айқындаған шамада қаржы бөлу туралы шешім шығады, - деді Еркін Сәдуахасұлы.
Қаржы бюджеттік рәсімдерге сәйкес мүлік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына тиісті шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өтініш берушіге аударылады деп болжанған екен. «Атамекен» палатасы бизнес өкілдеріне келген шығынды өтеу үшін іnfoKazakhstan.kz платформасы арқылы электронды өтініш қабылдауды бастап кеткен.
Палатаның байланыс орталығына жыл басындағы бүліктер уақытында келген шығынның орнын толықтыру шаралары туралы бизнес өкілдерінен жиі сауалдар түсуде. Сондықтан кәсіпкерлер тарапынан қойылып жатқан біршама сұрақтарға жауап бере кетсем. Залал келтірілген кәсіпкерлік нысандардың иелері жергілікті әкімдікпен бекітілген бағалау компанияларының ішінен қалағанынан қызмет алуы керек. «2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде жәбірленген деп тану туралы» қаулы бойынша бағалау компаниясы өтініш берген кәсіпкерге тегін қызмет етеді. Бағалау компаниясының қызметі ақысын жергілікті әкімдік тікелей сол мекемеге төлейді, зардап шеккен кәсіпкерлік нысанына өтелетін залалдың жалпы сомасына кірмейді, - деді жауапты маман.
Ол бағалау компанияларымен шарт жасасуды әкімдіктер жүргізетінін жеткізді. Әкімдіктер бағалау компанияларына алдын ала кепілхат береді екен, кейіннен жұмыстың орындалу дерегі негізінде бағалаушылардың қызметін төлейтін болады.
Әр залал келген жылжымайтын мүлік объектісі бойынша жеке-жеке өтінім беріледі екен. Мысалы, кәсіпкердің 3 дүкені болса, оның 2-еуіне залал келтірілсе, оған 2 өтінім толтыру қажет. Әр өтінімде кәсіпкер тек 1 жылжымайтын мүлік объектісін, сондай-ақ тауарлар мен жабдықтарға келтірілген залалды қажет болған жағдайда көрсете алады.
Тараз қаласының аумағында 135 миллион 680 мың теңгенің шамасында қаражатты құрайтын 31 кәсіпкерлік нысаны мүліктеріне залал келді. Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев «Күшіміз бірлікте» қорын құратынын мәлімдеген болатын. Қорға түскен қаражат Алматы қаласы мен басқа да аймақтарда зардап шеккен кәсіпкерлерге арнайы комиссияның шешімінен бөлінетін болады. Мұның ішіне Тараз қаласы да кіреді. Ал өз еркімен қаржылай қолдау көрсетемін деген азаматтар ұлттық палатаның сall-орталығына хабарласа алады, - деді Еркін Атымтаев.
Спикер шеру күндері көптеген бизнес нысандарының өртенгенін, тоналғанын, ұрланғанын, осылайша саланы миллиардаған шығынға батырғанын алға тартты. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының байланыс орталығына қазірге дейін 10 мыңнан астам қоңырау түскен. Негізінен зардап шеккен бизнес салаларының қатарына сауда, қоғамдық тамақтану, қаржы секторы, логистика және БАҚ кіреді.
Айта кетейін, былтыр Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасына 355 өтініш түскен болатын, оның ішінде бизнесті қорғау желісі бойынша 168 өтініш қаралды. Мұнда жер қатынастары саласындағы проблемалар жетекші орын алады, одан кейін мемлекеттік сатып алу бойынша проблемалар бар. Биыл кеңестің 10 отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні Парламент Мәжілісінің отырысында кәсіпкерлерге қаржылық көмек және басқа да қолдау түрлерін көрсету, соның ішінде несиелер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды кейінге қалдыру, жоюды тапсырды. «Екі ай мерзімде «Атамекенге» халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама қабылдансын» деді, - деп атап өтті Жамбыл облыстық палата директоры.
Сонымен қатар Президент инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін әзірлеуді, импортқа тәуелділікті азайтуды, артық делдалдықты төмендету шараларын және ақша-кредит саясатының құралдарын қамтуы керек екенін айтты. Сондай-ақ, инвесторларды тарту керектігін, олардың сенімін жоғалтпауды міндеттеді. Ауыл шаруашылығын субсидиялау тәсілдерін қайта қарау да өзекті мәселелердің қатарына кіреді. Мемлекет субсидиялар алуды жеңілдетіп, олардың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс.
Мемлекет басшысының осындай тапсырмалары негізінде Жамбыл облысында кәсіпкерлікті перспективалық дамыту туралы экономикалық картасы әзірленді. Оның ішінде импортты алмастыру саясатын ескере отырып іске асырылатын 2022 жылға арналған жұмыстың жаңа бағыттары анықталды. Осы жұмыс шеңберінде импорт алмастыру үшін орынды тауарлар тізбесі, импорт орналастыру жоспарына қатысу үшін кәсіпорындар тізбесі, кәсіпорындардың проблемалық мәселелерінің объектілік тізілімі, жұмыс істеп тұрған зәкірлік кәсіпорындарды жүктеу бойынша ұсыныстар айқындалатын болады, - деді Атымтаев
Бұдан басқа, палата жұмысында сыртқы экономикалық қызметті дамытуға баса назар аударылатын болған. Бұл бірінші кезекте бар проблемаларды сүйемелдеу мен шешу бойынша облыс экспорттаушыларымен тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік туғызады.