Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді

Жамбыл облысының орталығында төрт күнге жоспарланған халықаралық қолөнершілер көрмесі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «Тараз – қолөнершілер қаласы» тақырыбында ұйымдастырылған ауқымды шараға алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр аумағынан қолөнершілер мен құрметті қонақтар қатысуда.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов ҚР Мәдениет және спорт министрінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков,  Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Муртазаев, Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова, «Асыл Дизайн» сән үйінің «Аспара» брендінің бас дизайнері  Айдархан Қалиев, «Шебер шаңырақ» мүгедектер ҚБ төрағасы Анар Бексұлтанова және Ресей, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикаларынан келген бірқатар қонақтар кездесті.

Кездесу барысында тараптар Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуіне қатысты орамды ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Облыс әкімі өз сөзінде 2000 жылдан астам тарихы бар Тараздың өткені өнегеге, тағылымға бай екенін, бүгінде құндылықтарды жаңғырту жолында ауқымды жұмыстар жоспарланып, қолға алынып жатқандығын жеткізді. Аймақ басшысы Тараздың Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы статусына лайық екенін және оны оң бағалап, шешім шығарған сарапшыларға үлкен алғысын білдірді.

Өз кезегінде қонақтар да жылы шыраймен қарсы алған жамбылдықтарға ризашылығын жеткізіп, аймақтың мәдени, рухани бағытындағы жұмыстарын оң бағалады.

Облыстың қолөнершілік және туристік әлеуеті жоғары екенін атап өткен Азиз Муртазаев Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізімі 2014 жылдан бері құрылғанын, бүгінгі таңда бұл тізімге дүниежүзінің 59 қаласы енгендігінін атап өтті.

Сондай-ақ, ол Тараз қаласы аталған тізімге енген Қазақстандағы алғашқы қала екендігін жеткізді.

Тарихымызды таныту арқылы туризмді дамыту бойынша ауқымды шаралар жоспарлануда. Бұл бағытта жұмыс істейміз деген кәсіпкерлерге барлық қолдаулар көрсетіледі,-деді Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облысымызда 3435 тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Олардың 5-уі – халықаралық ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне алынған, 25-і – республикалық дәрежедегі, 698-і жергілікті маңыздағы ескерткіштер.

Бұдан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Көне Тараз» тартихи-этномәдени кешенінде аталған халықаралық көрменің ашылу салатанатына қатысты. Алдымен қонақтар отандық және шетелдік қолөнершілердің көрмесін тамашалады.

Киелі Әулиеата жерінде өтіп жатқан «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесінде кездесіп отырғаныма шын жүректен қуаныштымын! Бүгін Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енуінің куәсі болып отырмыз. Бұл өңірдің мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиғасы деп санауға болады! Қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізімі т2014 жылдан бастап қалыптасып, Самарқан, Бұхара, Хиуа, Қоқан сияқты әлемнің елуден астам қаласы енгізілген. Қасиетті Тараз осы тізімге енгізілетін еліміздегі алғашқы қалалардың бірі. Бұл тізімге қала өзінің үлкен туристік және қолөнершілік әлеуеті арқасында еніп, лайықты құрметке ие болып отыр,-деді Нұржан Нұржігітов.

Шара барысында Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Муртазаев Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізу бойынша сарапшылар комиссиясының қорытынды сертификатын Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ,елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар қолөнер шеберлерін марапаттады.

Ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты.

Төрт күнге жалғасатын халықаралық көрме аясында «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығы, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, Тараз қаласындағы тарихи нысандарға ақпараттық тур,  дәңгелек үстел, суретшілер және қолөнершілер байқаулары, шеберлік-сағаттары және тағы да басқа шаралар жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы