Тараз қаласының сәулеттік келбеті өзгереді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың Тараз қаласындағы бірқатар нысанды аралау барысында белгілі болды.
Аймақ басшысы алдымен қаладағы спорт алаңшаларын салу, қайта жаңғырту және қалпына келтіру жол картасына сәйкес құрылысы жүріп жатқан "Жастар" стадионына барды.
Бүгінде онда мердігер "Kazintel Group" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күрделі жөндеу жұмыстарын атқаруда. Ол үшін облыстық бюджеттен 534 миллион теңге қарастырылған. Стадионда үлкен және кіші жаттығу алаңшалары бар. Жаңғырту жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айының ортасына дейін аяқталады деп күтілуде. Асқар Исабекұлы құрылыстың уақытылы әрі сапалы атқарылу керектігіне көңіл бөліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жолдады. Сондай-ақ, өңір басшысы әуесқойлар арасында өткен футболдан облыстық чемпионаттың үлкен қолдауға ие болып отырғанын, келер жылы оның маңыздылығы мен ауқымын кеңейе түсетінін, ол үшін аудандар мен облыс орталығындағы мұндай стадиондардың барынша талапқа сай болуына назар аудартты.
Сонымен қатар шетелден қымбат легионерлер алдырғаннан бұрын, тиісті қаражаттарға өңірдегі спорт нысандарының техникалық базасын нығайту жайы қозғалып, ол жергілікті дарынды жастарға үлкен қолдау әрі танылуына жол ашатыны туралы айтылды.
Бұдан соң аймақ басшысы Тараз қаласы Әл-Фараби көшесінің бойындағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнда Данияр Жұмабай атты азамат өз қаражаты есебінен 128 млн теңгеге 1 жабық, 1 ашық футбол алаңшасы және 3 жабық теннис кортын салуда. Данияр "Дарын" футбол академиясын ашу ісін қолға алыпты. Өңір басшысы оның бастамасына ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға аудандар мен қаладағы осындай спорт алаңшаларына деген сұранысты анықтауды, оның тиімді құның есептеп, қажеттілікті барынша шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Келесі кезекте №5 Қарасу мөлтек ауданындағы "Балауса" аула клубына барған аймақ басшысы, мекеменің жұмысын барлады. Тараз қаласы Жастар ресурстық орталығына қарасты аталмыш аула клубында қуыршақ, көркемсурет, қолөнер үйірмелері қызмет етеді екен. Сонымен қатар "Street Workout" алаңшасы да бар. Мұнда күнделікті аумақтағы мектептердің 14 жасқа дейінгі 15-25 оқушысы келіп, үйірмелерге қатысуды әдетке айналдырған. Асқар Мырзахметов жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған осы секілді аула клубтарының санын арттыру керектігін баса айтып, бұл орайда ыңғайластыруға келетін ғимараттарды анықтап, түгендеу үшін тиісті тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ облыс басшысы Тараз қаласындағы жұмыс сапары барысында №10 "Аса" мөлтек ауданындағы әмбебап спорт алаңшаларының құрылысы, "Dostyk Life" спорт кешенің жұмысымен танысты.
Соңында "Шахристан" этно-мәдени орталығындағы құрылыс жұмыстарын шолған аймақ басшысына жоспарлы шаралардың барысы баяндалды.
Бүгінде орталықтағы 8 нысан бойынша құрылыс жұмыстары қызу атқарылуда. Бұл туралы штаб басшысы Рахманқұл Байтелиев айтып берді. Ол қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 85-90%, әрлеу-безендіру жұмыстарының 30-35% аяқталғаның тілге тиек етіп, барлығы 450-дей құрылысшы, 30-дан аса техника жұмылдырылғанын жеткізді.
"Әрлеу жұмыстары Самарқан стиліндегі кірпіштерімен жүргізілуіне байланысты Өзбекстаннан арнайы мамандар тартылуда. Инфрақұрылым мен қамту шаралары толығымен орындалып біткен. Жалпы төрт гектар аумақты құрайтын орталықтағы құрылыс жұмыстарының толығымен аяқталуы қараша айының ортасына жоспарланып отыр", - деді ол.