5 Қазан 2026, 17:25 Фото: gov.kz

Тараз әкімдігі еккен мыңнан аса ағаш көктемей қалды

Тараз әкімдігі өздері еккен көшетті өздері қуратып алды. Қала басшылығы бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қалада 3,5 гектардағы 1500 тал ағаш қурап кеткен. Жаяу жүргіншілер жолы мен ойын алаңы да салынбаған. Осылайша халыққа қажет аллея жобасы аяқсыз қалған. 

Жергілікті халықтың сөзінше, аллеяға бастапқы уақытта ғана су құйып, кейін мүлде суарылмапты. 

Бастапқыда аллея салынады, ағаштар отырғызылады деп естігенбіз. Бірақ бүгін нәтижесі осы болып отыр. Ағаштарға обал. Мүлде су құйылған жоқ. Халық демалатын жақсы бір орын бола ма деп едік, - дейді жергілікті тұрғын Аслан Тұрлықбаев. 

Осылайша 45 мыңға жуық халқы бар аумақта саябақ та, аллея да жоқ. Жергілікті халық ағаштардың егілгеніне біраз уақыт болғанын айтады.

Қателеспесем, 4-5 жыл бұрын қолға алынған. Одан бері қаншама уақыт өтті. Арасында әкім ауысып жатты. Шенеуніктер ауысқан сайын саябақ қолға алынып қалар деп жүрдік. Бірақ ақыры ағаштар қурап қалды, - дейді Аслан.  

Аллеяға ағаш егілгелі үш әкім ауысқан. Алайда жағдай жақсармапты. Тіпті қоқыс басып, мал сүйегі қаптап кеткен. 

Тараз әкімдігі бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Әкімдіктің редакцияға берген мәліметінше, Тараз қаласы, Шөлдала шағынауданы, Юбилейный массиві маңындағы аумақта жасыл желектер 2020 жылы «Тараз орман» мекемесі тарапынан отырғызылыпты.

Әкімдік бұл аумақта жалпы көлемі шамамен 3,5 гектар жерге 1 500 түп қара тал шыбығы егілгенін растады.

Алайда отырғызылған талдарды тұрақты суаруға арналған жүйе қарастырылмағандықтан, олардың көгеру деңгейі бастапқы кезеңнің өзінде төмен болған. Мәселеге қатысты жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде аталған аумақтың астымен жоғары қысымды газ құбыры өткендігі анықталды. Осыған байланысты «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан бұл аумақта абаттандыру жұмыстарын жүргізуге, жасыл аймақ құруға және тал егуге рұқсат берілмеген, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Тараз қаласының әкімдігінің мәліметінше, бұл аумаққа болашақта суару жүйесін тарту және тал егу жұмыстарын жүргізу жоспарда қарастырылмапты.