21 Қазан 2026, 14:27 Фото: видеодан скриншот

Тарақан толы үйде азық-түлік те, су да болмаған: Риддерде аш-жалаңаш отырған 4 бала отбасынан алынды

Риддерде 4 баласын аш-жалаңаш қалдырған жауапсыз ата-аналар анықталды.

Риддерде төрт бала қолайсыз тұрмыстық жағдайға байланысты отбасынан алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Риддер қаласында «Қауіпсіз үй» ведомствоаралық іс-шарасы аясында кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың тұрмыс жағдайын тексеру бойынша рейд жүргізілді.

Тексеру барысында пәтерде азық-түлік пен ауыз судың жоқтығы, сондай-ақ тұрғын үйдің санитариялық-гигиеналық жағдайы балалардың тұруы мен тәрбиеленуіне қажетті талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.

Полицияның баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына қатысты төмендегідей жауап жолдады. 

Отбасында төрт кәмелетке толмаған бала – үш қыз және бір ұл тәрбиеленіп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша балаларды отбасынан алу туралы шешім қабылданды. Бір жасқа толмаған ең кіші бала жас ерекшелігі ескеріле отырып, қалалық ауруханаға орналастырылды. Қалған үш бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді, - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі. 

Анықталғандай, ата-анасының екеуі де жұмыс істемейді және спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланады.

Ата-аналардың балаларды тәрбиелеу және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін орындауына баға беру, сондай-ақ балалардың алдағы уақытта қайда орналастырылатынын айқындау мәселелері уәкілетті органдар тарапынан заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.