«Тар заман» телехикаясының режиссері Мұрат Бидосов марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі режиссер, «Кейкі мерген», «Тар заман» сериалдарының режиссері Мұрат Бидосов Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Мұрат Бидосов алаш қайраткерлерінің өмір жолын, ұлтқа белгілі әйгілі тұлғалардың тағдырын арқау еткен бірнеше телесериалдың режиссері. Оның «Тар заман» сериалы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында көрсетіліп, көрермен тарапынан оң бағасын алған болатын. Сонымен бірге, Мұрат Бидосов таспалаған «Кейкі мерген» сериалы да қоғамда айрықша талқыланып, 1916 жылғы Ұлт азаттық қозғалысының 100 жылдығына орай сол дәуірдегі тарихи оқиғаларды фильмге айналдырудағы сәтті қадам болғаны айтылды.
Мұрат Бидосов, сонымен қатар, «Тасөткел», «Бекзат», «Қаламгер», «Ақылдың кілті. Өмірдастан» қатарлы ел тарихындағы ерекше оқиғалар мен әйгілі тұлғалар жайлы сүбелі еңбектерді дүниеге әкелген еді.
Сонымен бірге бүгін тағы бір алашшыл азамат «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ол — қарағандылық өлкетанушы, Ақтоғай ауданы мұражайының бұрынғы директоры Тұңғышбай Мұқан.
Тұңғышбай Мұқан алаш арыстарын насихаттаушылардың бірі. Осы мақсатта бірнеше экспедиция ұйымдастырған.
Сонымен бірге ол Мұрат Бидосов түсірген «Тар заман» телесериалының кеңесшілерінің бірі болған еді. Тұңғышбай Мұқан, әсіресе, Әлихан Бөкейханның мұраларын зерттеуде, оны насихаттауда айрықша еңбек етіп келе жатқан азамат.