Тапсырылды – орындалды: 2020 жылғы Президент Жолдауының қандай тапсырмалары орындалды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасайды. Кезекті Жолдау барысында елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары талқыға түседі. Ал осыдан тура бір жыл бұрын жолданған Жолдау қаншалықты орындалды? Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Ермек Тоқтаровпен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Былтыр тура осы кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Жолдауда берілген тапсырмалар қаншалықты орындалды?

- 2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Өткен жылғы Жолдауда Президент қазақстандық қоғам өмірінің барлық саласына қатысты көптеген тапсырма берді.

Мәселен, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің санын 2020 жылы 10%-ға қысқартуды тапсырды. Сондай-ақ олардың саны 2021 жылы 15%-ға азаюы тиіс. Іс жүзінде 2020 жылы мемлекеттік аппарат бар және әлеуетті бос жұмыс орындарының толтырылмауына байланысты 8,5%-ға қысқарды. 2021 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова Президентке факторлық-балдық шәкілге көшу бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатқанын баяндады. Анар Жайылғанованың айтуынша, жүргізіліп жатқан цифрлық шешімдерді енгізу толығымен қағазсыз құжат айналымына көшуге, күнделікті жүктемені 53%-ға азайтуға, құжаттар санын 83%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

- Мемлекет басшысы жаңа ұйымдар құру туралы да тапсырма бергені белгілі.

- Иә, Президент 2020 жылғы Жолдауында жаңа ұйымдар құру жөнінде тапсырма берді. Осылайша 2020 жылы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды. Ол стратегиялық жоспарлау саласында мемлекеттік саясатты әзірлейді, стратегиялық даму жоспарларының іске асырылуына мониторинг пен бағалауды жүзеге асырады. Сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін әзірлеуге жауапты орган болып табылады. 2021 жылы Қаржы мониторингі агенттігі құрылды. Бұл агенттік заңсыз кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасауға, сонымен қатар экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеруге жауапты.

- Былтырғы Жолдау барысында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшыларына қатысты айтылды. Қазіргі уақытта еліміздің қанша азаматы өз мәселелерін шеше алды?

- Президент Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары үшін өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалануға мүмкіндік жасауға тапсырма берді. Бүгінге тұрғын үй мәселелерін шешу үшін азаматтардың арнайы шоттарына шамамен 1,6 трлн теңге, емделуге – 20 млрд теңге, инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға – 4,5 млрд теңге аударылды.

Одан бөлек, Президент мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғамға ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге арналған «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Бүгінгі таңда аталған заң жобасы талқыланып жатыр.

Көріп отырғанымыздай, Мемлекет басшысының тапсырмалары қоғамның қажеттіліктеріне жауап береді. Ол тиісті мерзім ішінде іске асырылып келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы