Тападай тал түстегі шабуыл: Алматыда қарулы қарақшылар тобы ұсталды
Қаскөйлер қарумен қорқытып, ақша мен алтын бұйымдарды иемденген.
Алматыда жеке тұрғын үйге жасалған қарақшылық шабуыл ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласында жеке тұрғын үйге қарулы шабуыл жасалды. Қаскөйлер қарумен қорқытып, ақша мен алтын бұйымдарды иемденген. Келтірілген жалпы материалдық шығын шамамен 4 миллион теңгені құрады.
Жедел және тергеу іс-шараларының үйлесімді нәтижесінде полиция қызметкерлері арнайы мақсаттағы жасақтың қатысуымен қылмысқа қатысы бар барлық тұлғаларды анықтап, ұстады. Ұрланған мүліктің бір бөлігі заңды иесіне қайтарылды, қалған бөлігі сараптама жүргізу үшін тәркіленді
Алатау аудандық Полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараевтің айтуынша, қылмыс мұқият жоспарланған, күдіктілер ізін жасыруға әрекеттенген.
Полиция бөлімшелері мен арнайы жасақтың кәсіби және үйлесімді жұмысының арқасында қылмысқа қатысушылар қысқа мерзімде ұсталды. Азаматтардың қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз, – деді ол.
Өз кезегінде ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Даулетияров барлық әрекеттердің мұқият құжатталғанын атап өтті.
Күдіктілердің іс-әрекеттері толық тіркелді, заттай дәлелдемелер мен техникалар тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Ұсталғандардың өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Полиция жұмысы қылмыскерлердің жазасыз қалмауына бағытталған, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында 40 миллион теңгенің малын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды.