Танзанияда сайлаудан кейін тәртіпсіздіктер болып, адамдар қаза тапты

Танзанияда сәрсенбі күні өткен жалпыұлттық сайлаудан кейін үш күнге жалғасқан наразылықтар салдарынан жүздеген адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC агенттігіне сілтеме жасап.

Оппозициялық «Чадема» партиясының өкілі AFP агенттігіне берген мәлімдемесінде «шамамен 700 адам» қауіпсіздік күштерімен қақтығыс кезінде көз жұмғанын айтты. Ал BBC-ге дипломатиялық дереккөзі кем дегенде 500 адамның қаза болғаны жөнінде нақты дәлелдер бар екенін мәлімдеген.

Қаза тапқандардың нақты саны әртүрлі айтылып жатыр, ал ел бойынша интернеттің өшірілуі ақпаратты тексеруді қиындатып отыр.

Билік зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатында коменданттық сағатты ұзарту туралы шешім қабылдаған.

Наразылықтар негізінен жастар арасында өршіп тұр.  Олар елдің ірі қалаларында көшеге шығып, сайлаудың әділетсіз өткеніне наразылық білдіруде.

Протестке шыққандар билікті демократияны әлсіретті, оппозиция лидерлерін қудалады деп айыптайды. Бірі түрмеге қамалса, екіншісін сайлауға техникалық себеппен қатыстырмаған. Бұл жағдай қазіргі президент Самия Сулуху Хасанның жеңіске жету мүмкіндігін арттырған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Anadolu Agency
Өзгелердің жаңалығы