«Танымал болу жеткіліксіз»: Сарапшы партиялық тізімдерге қойылатын талапты айтты
Алматы қаласында «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» тақырыбында Сарапшылар платформасының отырысында қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев танымал адамдардың партия мүшесі болуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бір палаталы Парламент құрудың мақсаты не?
Азамат Байғалиевтің айтуынша, бір палаталы Парламент құру бастамасының негізгі мақсаты – кәсіби заң шығарушы орган қалыптастыру.
Оның сөзінше, мемлекет басшысы бұл бастаманы көтерген кезде Парламент мүшелері қоғам мен мемлекеттік жүйеге нақты пайда әкелетін, өз саласын жетік меңгерген мамандар болуы қажет екенін атап өткен.
Біздің жүргізген әлеуметтік зерттеулеріміз сайлаушылар арасында партиялық тізімдердің барынша кәсібиленуіне деген сұраныстың өте жоғары екенін көрсетті. Әрбір кандидат өз саласында нақты мәселелерді көтеріп, оларды сараптамалық деңгейде бағалай алуы және заңнамалық тұрғыдан шешуге қабілетті болуы керек, – деді Азамат Байғалиев.
Оның айтуынша, азаматтар бүгінде экономикалық мәселелерді шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, жастар саясатын дамытуға басымдық береді. Сондықтан партиялар өз тізімдерін қалыптастырғанда әр бағыт бойынша кәсіби мамандарды ұсынуға ұмтылып отыр.
Сарапшының пікірінше, партиялардың Орталық сайлау комиссиясына ұсынған тізімдерін талдау олардың құрамында нақты бағыттар бойынша теңгерім сақталғанын көрсетеді.
Ол партиялық тізімдерде өңірлік өкілдікке ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Азамат Байғалиевтің сөзінше, бірмандатты округтердің жойылуына байланысты өңірлердегі негізгі мәселелерді орталыққа жеткізу міндеті енді партияларға жүктеліп отыр.
Сонымен қатар, партиялық тізімдерде әлеуметтік сала, техникалық бағыт, ІТ, мәдениет және басқа да салалардың мамандары қамтылған.
Әрбір партия қоғамның түрлі салаларын қамтитын кең ауқымды мамандарды көрсетуге тырысып отыр. Бірақ мәселе тек олардың тізімде болуында емес. Әрбір кандидат өз саласында беделді, кәсіби қауымдастық мойындаған және заң жобаларын сараптамалық деңгейде ілгерілете алатын тұлға болуы қажет, – деді ол.
Азамат Байғалиевтің айтуынша, кандидаттың тек танымал немесе белгілі бір кәсіп иесі болуы жеткіліксіз.
Мысалы, оның медиа тұлға немесе фермер болғанының өзі аздық етеді. Ең бастысы – өз саласында беделге ие болуы, әріптестерінің сеніміне ие болуы және заңнамалық бастамаларды кәсіби деңгейде ұсына алуы, – деді сарапшы.
Ол қазіргі таңда партиялық кеңістіктің дәл осы бағытта дамып келе жатқанын атап өтті.
Әңгіме формалды түрде түрлі саланың өкілдерін енгізуде емес. Ең маңыздысы – әрбір партияның тізімінде өз ісінің нағыз кәсіби мамандары болуы. Біздің талдауымыз көрсеткендей, қазіргі таңда партиялық алаң дәл осы бағытта дамып келеді, – деп түйіндеді Азамат Байғалиев.
Танымал адамдардың партия құрамында болуы туралы
Азамат Байғалиевтің айтуынша, әлемдік тәжірибеде саяси партиялардың танымал тұлғаларды өз қатарына тартуы – қалыпты құбылыс. Алайда мұндай азаматтар өздері айналысатын саяси бағытты терең меңгеруі тиіс.
Оның сөзінше, қазіргі сайлау науқандарында партиялар кең аудиторияның назарын аудару үшін медиа тұлғаларды тартуға мәжбүр.
Егер әлемдік сайлау тәжірибесіне қарасақ, қазіргі жағдайда партиялар өз қатарына медиа тұлғаларды тартуға мәжбүр екенін көреміз. Себебі кең сайлаушылар қауымы партияны қалай қабылдайтыны өте маңызды. Сондықтан партиялардың танымал адамдарды өз қатарына қосуы – қалыпты әрі заман талабына сай құбылыс, – деді Азамат Байғалиев.
Сонымен бірге, сарапшы сайлаушылардың бүгінде тек танымалдылыққа емес, кандидаттардың кәсіби біліктілігіне ерекше мән беретінін атап өтті.
Сайлаушылардың өткір қабылдайтын тұсы – адамның тек сөйлеп қана қойып, өзі көтеріп жүрген мәселеге сарапшылық деңгейде қанық болмауы. Мәселе оның медиа тұлға екенінде емес. Егер белгілі бір партияның қатарына қосылсаң, оның күн тәртібіндегі мәселелерді басынан аяғына дейін жетік білуің қажет, – деді ол.
Азамат Байғалиевтің пікірінше, қоғамда кейде сын танымал тұлғалардың өзіне емес, олардың саяси әрі кәсіби дайындығына бағытталады.
Әңгіме адамның танымал немесе танымал емес екенінде емес. Әсіресе саясаткер болса, ол бәрібір белгілі бір деңгейде медиа тұлғаға айналады. Ең маңыздысы – оның өзі жұмыс істейтін саланы терең меңгеруі, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, бұл талап тек партия мүшелеріне ғана емес, жалпы мемлекеттік аппараттағы барлық қызметкерге ортақ қағида болуы керек.
Жалпы кез келген мемлекеттік органның өкілі өз саласын жетік білуі қажет. Күндіз де, түнде де, кез келген уақытта қойылған сұраққа кәсіби жауап бере алатындай деңгейде дайын болуы тиіс. Мен айтып отырған кәсібилендірудің мәні де – осы, – деп түйіндеді Азамат Байғалиев.