Боксшы Данияр Елеусіновтің әйелі көршілерін соққыға жықты деп айыпталуда
Өзара сөзге келіспеушілік соңы төбелеске ұласқан.
Қарағандының Майқұдық ауданында Олимпиада чемпионы, танымал боксшы Данияр Елеусіновтің жарына қатысты шу шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жергілікті тұрғын Асель Жабықбаеваның айтуынша, кешкі уақытта анасының үйіне белгісіз біреу келіп, есікті қатты қаққан. Үй иелері есікті ашқанда, келген әйел өзін көршінің немересімін деп таныстырып, наразылығын білдіре бастаған.
Асельдің сөзіне сенсек, өзара сөзге келіспеушілік соңы төбелеске ұласқан. Ол келген әйелдің өзіне қол көтергенін айтады. Сондай-ақ, пәтерге іле-шала кірген қарт адам (әйелдің атасы) Асельдің анасын басынан ұрған көрінеді.
Өз кезегінде боксшының жұбайы Саида Елеусінова бұл айыптаулармен келіспейтінін айтты. Ол болған жағдайды әдейі ұйымдастырылған арандату деп бағалап, өзіне тағылған кінәні жоққа шығарды.
27 қаңтарда полиция органдарына көршілер арасындағы жанжал туралы хабарлама түсті. Барлық келіп түскен өтініштер бойынша қылмыстық істер тіркелді. Жәбірленушілерге денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлық дәрежесін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар мен тергеу әрекеттерін жүргізу арқылы жан-жақты, толық және объективті тергеу амалдары жүргізілуде. Қорытынды процессуалдық шешім барлық тағайындалған сараптамалардың нәтижелері бойынша және ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес қабылданатын болады, - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД Баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда бір топ жасөспірім қыз баланы соққыға жыққаны хабарланған.