20 Қазан 2026, 22:24 Фото: Туризм және спорт министрлігі

TANYM SPORT: Астанада балаларды дамытуға арналған заманауи кешен ашылды

Кешенде спорт залдары, бассейн, концерт залы, оқу кабинеттері мен коворкинг аймақтары қарастырылған.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы TANYM SPORT көпфункционалды спорт кешеніне барып, оның жұмысымен және мүмкіндіктерімен танысты. Заманауи нысан балалардың спорттық, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.

Іс-шараға бірқатар танымал спортшы қатысты. Олардың қатарында дзюдодан әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынова, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, бокстан Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай бар.

Кешенде спорт залдары, бассейн, концерт залы, оқу кабинеттері мен коворкинг аймақтары қарастырылған. Мұнда спорттық жаттығулармен қатар, STEM технологиялары, техникалық және ғылыми шығармашылық, экологиялық-биологиялық бағыттар бойынша сабақтар өткізуге мүмкіндік бар.

TANYM SPORT кешені елорданың спорттық және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысуына және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді.

Қазақстанда спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып келеді. Қазіргі уақытта республика бойынша 188 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 53-і пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 68 нысанды ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Қалған нысандардың құрылысы келесі жылдары жалғасады. Құрылыс жұмыстары жергілікті бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылады.

Бұған дейін де елімізде спорт инфрақұрылымын кеңейту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылды. 2025 жылы республика бойынша 147 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 107-сі ауылдық елді мекендерде, 40-ы қалаларда орналасқан. Ал 2024 жылы 90 спорт нысаны салынды. Олардың 61-і ауылдық жерлерде пайдалануға берілді.