Бүгiн 2026, 13:22 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

"Таңнан кешке дейін рилс түсіреміз": Аймағамбетов тәрбиешілердің жанайқайын жеткізді

Мәжіліс депутаты тәрбиешілердің әлеуметтік желілерге контент әзірлеумен айналысып кеткенін айтты.

Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен отырыста депутат Асхат Аймағамбетов балабақша тәрбиешілеріне түсетін қосымша жүктемелер мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жүргізілген сауалнамалар барысында күтпеген мәселе анықталған. Көптеген тәрбиеші жұмыс уақытының едәуір бөлігін әлеуметтік желілер үшін контент дайындауға жұмсайтынын айтқан.

Біз арнайы зерттеу жүргіздік. Сонда тәрбиешілердің өздері “таңнан кешке дейін рилс түсіреміз” деп жазған. Бұл жауап сауалнама нұсқаларының ішінде болған жоқ. Олар оны өздері арнайы жазып көрсеткен. Бұл үлкен мәселенің бар екенін аңғартады, – деді депутат.

Аймағамбетовтің пікірінше, тәрбиешінің негізгі міндеті – бала тәрбиесі мен оның дамуына жағдай жасау. Ал әлеуметтік желілерге арналған бейнероликтер дайындау қосымша жүктемеге айналған.

Олар балаларды түсіруі керек, рилс дайындауы керек, әлеуметтік желілерге жариялауы керек. Мұның бәрі уақыт алады. Бұл үшін қосымша ақы төленбейді, – деді ол.

Депутат мәселенің тағы бір қыры балалардың құқықтарына қатысты екенін айтты.

Оның сөзінше, бүлдіршіндерді тұрақты түрде видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялау әрдайым орынды бола бермейді.

Бұл жерде балалардың құқығына қатысты сұрақтар туындайды. Сондықтан бұл мәселеге назар аудару керек, – деді мәжілісмен.

Асхат Аймағамбетов сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі сапа мәселесіне тоқталды.

Оның пікірінше, жаңа мемлекеттік стандарт барлық өңірде бірдей тиімді іске асырылып жатқан жоқ. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі бақылауды күшейтуі қажет.

Депутат балабақшалардың жұмысын бағалау кезінде тәрбиешілердің қағазбастылықтан және артық тапсырмалардан қаншалықты босатылғанына да назар аудару маңызды екенін айтты.

Тәрбиеші ең алдымен балалармен жұмыс істеуі керек. Оның уақыты есеп беруге немесе әлеуметтік желілерге контент дайындауға емес, бала тәрбиесіне жұмсалуы қажет, – деді Аймағамбетов.

Бұған дейін Асхат Аймағамбетов балабақшалардың заңды бұзып отырғанын айтқан еді.